Ауа райының қолайсыздығына қарамастан санавиация сәбиді құтқарып қалды - ШҚО

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында санавиация тікұшағы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жаңа туған сәбиді Ақжар ауылынан облыс орталығына жеткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында 7 айлық нәресте дүниеге келген. Шақалақты құтқару үшін оны жедел түрде облыс орталығындағы ауруханаға жеткізу қажет болған. Өскемен мен ауыл арасындағы жол 400 шақырым болғандықтан, сәбиді көлікпен ауруханаға жедел жеткізу мүмкін емес еді. Жергілікті дәрігерлерге санитарлық авиацияға жүгінуге тура келіпті.

«Ақжар ауылына санитарлық авиация ұшып шыққан. Алайда қатты соққан жел мен тұманның салдарынан АН-2 ұшағы қона алмады. Келесі күні «Казавиаспас» АҚ-ның әуе кемесінің командирі Болат Доскенов қалай болғанда да межелі жерге жету қажет деп шешіп, санитарлық авиация құрамындағы екі дәрігермен және инженермен бірге «EurocopterEC 145» тікұшағымен ұшып шықты», - деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметіндегілер.

Тікұшаққа ымырт түскенде қонуға тура келген. Сәби Өскеменге уақытында жеткізіліп, оған білікті медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта нәресте дәрігерлердің жіті бақылауында.

Соңғы жаңалықтар