Атыраулық жастар «National Geographic Қазақстан» журналын тегін алып оқиды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат «Каспий құбыр консорциуымы-Қ» АҚ биыл Атырау облысындағы барлық білім ордаларын әлемге танымал «National Geographic Қазақстан» журналына тегін жаздырды. Бұл жайында Каспий құбыр консорциуымың басшылығы Атырау Мұнай және газ университетінде өткен кездесу барысында жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Консорциум баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау өңіріне журналдың 20 мың данасы Қазпошта бөлімшелері арқылы тұрақты жеткізіліп тұрады. Бұл жобаның мақсаты - әлемдік деңгейдегі танымал зерттеулері мен сапалы фотосуреттері бар ғылыми-танымдық журналды мектеп оқушылары мен колледж, жоғары оқу орындарының студенттеріне қолжетімді ету.

Атырау Мұнай және газ университетінің ректоры Әли Әбішевтің айтуынша, білім ордасының студенттері ай сайын бұл басылымның 50 данасын алып, қызыға оқиды.

«Қаспий құбыр консорциумымен серіктестік байланысымыз біраз жыл бойы жалғасып келеді. 2016 жылы компанияның демеушілігі арқасында спорт алаңы салынып, теннис корты, баскетбол мен волейбол ойнайтын алаңдар қолданысқа берілді. Алғысымызды білдіре, ол алаңды «КҚК -Аренасы» деп атадық», - деді ол.

«Жалпы, Каспий құбыр консорциумы құрылған кезінен бастап, әлеуметтік салаға, оның ішінде білім беру, экология мәселелеріне ерекше мән беріп келеді. 2000 жылдан бастап біз 7,9 млрд теңге қаржыны Атырау облысының әлеуметтік саласына жұмсадық және бұдан былай да  білім саласына бағытталған қайырымдылық жобаларымызды жалғастырамыз», - деді «Каспий құбыр консорциуымы-Қ» АҚ бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.

Шара барысында Мұнай және газ университеті Кеңесінің шешімімен Қайыргелді Қабылдинге университеттің құрметті профессоры атағы берілді.

Соңғы жаңалықтар