Атыраулық спортшы екі аяғынан қалай айырылғандығын айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырауда екі аяғы болмаса да, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі баланың әкесі болған рухты азамат Қуаныш Тәжіков тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақ Жайыққа сілтеме жасап.

Аталған басылымға Қуаныш Тәжіков екі аяғынан қалай айырылғандығын айтып берді.

«Бұл 1997 жылы болды. Менің жасым 11-де еді. Біз «Стройконторада» тұрдық. Балалармен бірге жақын маңдағы Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) қатынайтын пойыздарға мініп, ойнағанды жақсы көретінбіз. Сол күні зауытқа кетіп бара жатқан, өткелде тұрған пойыздың соңғы жағындағы цистерналарының біріне секіріп мініп, бірге қозғалмақшы болып, ілініп алдым. Бір кезде пойыз керісінше артқа қарай жүріп, аяғым тайып кетті де, мен астына түстім. Бірнеше цистерна аяқтарымды езіп, лезде өте шықты. «Көмектесіңдер!» деп айқайлауға ғана шамам келді. Біраз жерге дейін жылжып барған пойыздан секіріп түскен машинист маған қарай жүгірді. Жылап, бірдеңелерді айтып жатты. Мені көтеріп алып, көлік жүретін жолға дейін әкелді де, таксиге отырып, ауруханаға апарды...  

Ауырсынғаны өз алдына, мұны естігенде әке-шешемнің ұрысатынын ойлап, қатты қорықтым. «Папа-мамама айтпаңызшы!» деп машинисттен өтінгенімді білемін. Әлсін-әлсін есімді жоғалттым. Бір оянғанымда «жедел жәрдемде» келе жатқанымды, енді бір есімді жиғанда аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр екенмін. Палатаның терезесінен қарап, ағыл-тегіл жылап тұрған әке-шешемді көрдім, ар жағы есімде жоқ.

Ауруханада бақандай алты ай жаттым. «Аяғым қайда?» деп, бірнеше рет медбикелер мен дәрігерлерге шу шығарған күндерім де көп болды...",- деп еске алады спортшы.

Жарты жылды ауруханада өткізгесін, ойын баласы ол жерден арбаға таңылған күйде балалықпен біржолата қош айтысып шығады. Ал келесі жылы Алматыдан протез жасаумен айналысатын мамандар келіп, жасанды аяқ жалғап беріп кетеді.

2006 жылдың мамырында Атырау қалалық жұмыспен қамту бөліміндегілер Қуаныштың әке-шешесінің үйіне телефон шалып, 1 маусым - Балаларды қорғау күніне орай мүгедектер арасында «Мұнайшы» спорт кешенінде спартакиада ұйымдастырылып жатқанын айтып, соған Қуанышты қатысуға ұсыныс жасайды. Келісім берген ертесі күні мамандар автокөліктерімен келіп, оны «Мұнайшы» спорт кешеніне апарады. Бұл жерде Қуаныш алғаш рет өзі секілді мүмкіндігі шектеулі адамдармен үстел теннисінен сайысқа түсіп, І орынды жеңіп алады. Сөйтіп оның спорттық өмірі басталады.

«Бір күні ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, ҚР бас бапкері Бауыржан Тахауов жаныма келіп, Атырауда мүгедектер арасында волейболды отырып ойнаудан секция барын айтып, қатысуға шақырды. Мен бірден келісімімді бердім. Жаттығуға келген жігіттердің бастапқыда аяқ-қолы сау болып көрінді маған, тек киініп-шешінетін орыннан аяқсыз шығып жатты. Олармен таныстым. Алғашқы күннен-ақ жаттығу ұнағасын, үзбей қатынасып жүрдім, ұстаз еңбегіне дақ түсірмеуге тырыстым», - дейді Қуаныш.

Қуаныштың іштей өзіне берген серті оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Ол сол 2006 жылы Атырауда мүгедектер арасында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, алтын алқаны команда мүшелерімен бөліседі. Келесі жылы бұл команда Талдықорған қаласындағы паралимпиадалық ойындарда ІІ орын алып, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жастар арасында өткен әлем чемпионатына жөнеледі.

«Бұл менің шетелге алғаш шығуым еді. Одан кейін осы спортқа келуімнің арқасында Польша, Қытай, Ресей және басқа да елдерге спортшылармен турнирлерде сайысқа түсіп жүрдік. Ал спортқа келмес бұрын бұл менің түсіме де кірмеген еді.Біз Рио-де-Жанейро қаласындағы турнирде соңғы орынды иеленді. Бірақ, жеңіс пен жеңілістің қатар жүретінін біз білеміз», - дейді ол.

Қуаныш болашақ жары Іңкәрмен осы «Мұнайшы» спорт кешеніндегі жаттығу залында танысады. Іңкәр ол кезде таеквандо секциясына қатысып жүрген.

Қуаныш тек спортшы ғана емес, арбада отырып билеуден де алдына жан салмайды. Шымкентте әкім Кубогы үшін өткен республикалық жарыста І орынды, Павлодар қаласындағы паралимпиадада ІІ орынды жеңіп алады. Ал Санкт-Петербургте Халықаралық паралимпиадалық комитеттің қолдауымен 18 елден қатысқан мүгедек спортшылар арасында арба үстінде спорттық билеуден өткен әлем Кубогінде Италияда өтетін әлем чемпионатына қатысу құқығын жеңіп алады. Бірақ, Қуаныш ол жарысқа қатыспайды, онымен тұспа-тұс келген отырып ойнау волейболынан өтетін жарысты таңдайды. 


«Мен спортсыз отыра алмаймын ғой. Қазір тапаншамен атуды үйреніп жүрмін. Одан ағзаға күш түспейді. Қыркүйектің аяғында республикалық жарыс өтеді. Бұл төрт жылда бір рет өтетін спартакиада. Сондықтан мен бұл жарыстан қалайда І орын алуым керек. Және өзімнің волейбол командама қайта оралуымды асыға күтіп жүрмін»- дейді спортшы. 

 

Бүгінде Қуаныш пен Іңкәр Қадіржан, Сұңқар есімді сүйкімді ұлдарын тәрбиелеп, өсіріп отыр.

Соңғы жаңалықтар