Атыраулық шенеуніктер Жолдаудың 10 бағыты бойынша нақты тапсырмалар алды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»  Жолдауын талқылау бойынша облыс активінің отырысы өтті.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев отырыста Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі мәжіліс қатысушыларын аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы хабардар етті.

2017 жылдың қорытындысы көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 20,8%-ке өскен. Бірінші жартыжылдықта өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 33,8 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 141,7 %-ке артық. Сондай-ақ, 2017 жылы өңірде жалпы құны 5 млрд доллардың 5 жобасы іске қосылып, 344 жаңа жұмыс орны құрылған. 

"Аймақтағы басты міндет - өнеркәсіптік революция аясында инновациялық технологиялар тарту. Экспорттық өнім шығаратын мекемелерді қайта жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған жаңа құралдарды даярлау және тестілеу. Өңірдің ресурстық әлеуетін дамыту да алдағы міндеттердің қатарында. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен сақтауға қатысты мәселені де шешу көзделген. Қазіргі уақытта он полигон құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Құрылыс 2019 жылға жоспарланып отыр", - деді Н. Ноғаев.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Лұқпанов пен Атырау қаласының, аудандардың әкімдеріне бірқатар мәселелерді бақылауға алу жүктелді. Олар: индустриялау картасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру, жобаларда бизнес үлесін көтеру және табиғатты қорғау шараларын орындау.

Үшінші бағыт бойынша басты міндет алдағы бес жылда АӨК өнімділігін 2,5 есеге көбейту болып отыр. Бұл балық өнімін өңдеу сапасын арттыру, тамшылатып суару әдісімен егіс алаңын көбейту, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, АӨК қолдау құралдарын құрумен байланысты болмақ.

Төртінші бағыт бойынша әкім орынбасары Ж.Сүйіншалиевке, Атырау қаласы мен аудандардың әкімдеріне биыл облыс аудандарында жол инфрақұрылымын құру жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.

Бесінші бағыт бойынша әкім орынбасары Ж.Сүйіншалиевке, Атырау қаласы мен аудандардың әкімдеріне тұрғындарды энергиялық тиімділігі жоғары, сапалы, таза құрылыс материалдарымен қамтуды ұйымдастыру тапсырылды.

Алтыншы бағыт бойынша облыс әкімінің орынбасары А.Әжіғалиеваға, қалалар мен аудан әкімдеріне банк портфельдерін сауықтыру, ипотекалық қарыздарға қатысты мәселелерді реттеу, бизнесті қолжетімді мөлшерлемемен ұзақ мерзімді несиемен қамту бағыттарында жұмыстарды жетілдіруді бақылау тапсырылды.

Жетінші бағыт бойынша облыс әкімінің орынбасары Н.Сайлауоваға, қала мен аудан әкімдеріне орта білім беру саласын жаңғырту, оқу орындарын цифрландыру, әсіресе ауылдық жерлерге мән беру тапсырылды. Медицинада заманауи технологияларды енгізу, тиімділігін көтеру, халықты жұмыспен қамтуды бақылауда ұстау да назарда болмақ.

Сегізінші бағыт бойынша облыс әкімінің орынбасары А.Әжіғалиеваға мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру жұмыстарын жүзеге асыруды бақылау жүктелді. Қызметтерді цифрландыру, ведомстволық бағынышты ұйымдарды жекешелендіру қадағаланады. Облыс әкімінің орынбасары С.Лұқпановқа, қала, аудан әкімдеріне туристік инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру тапсырылды.

Н.Ноғаев тоғызыншы бағыт бойынша аймақта біраз жұмыс атқарылғанын атап өтті. Әлеуметтік желілерде арналар іске қосылды, халықпен кері байланыс орнату мақсатында жеке қосымшалар дайындалды. Оныншы бағыт бойынша көшелерді жарықдиотты жарықтандыру жобасы жүзеге асырылуда. Жолаушылар көлігі мен қалалық бейнебақылау жүйесі салаларында бірнеше жоба қаралып жатыр.

Өз сөзін түйіндей келе, Нұрлан Ноғаев Атырау облысында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асырудың нақты жоспары дайын екенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар