Атыраулық ғашықтар басынан өткендерін айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыр науқасқа шалдығып, бірнеше жыл ауруханадан шықпаған құлсарылық Әнел Мұратова мен оның сүйіктісі, досы Марлен Нұргасеновтың таңғажайып махаббат хикаясы көпшілікті жылатып та, қуантып та үлгерді, деп жазады Ақжайық газеті.

«Екеуміз бір мектепте Құлсары қаласында оқыдық, Марлен менен бір сынып төмен оқыды, - деп бастады әңгімесін Әнел - Достығымыз 16 жастан басталды. Ресми түрде ұсыныс жасау сияқты нәрселер болған жоқ, бәрі аяқ астынан болды. Басында телефонмен, интернет арқылы сөйлесіп жүрдік. Кейін ол 9-сыныпты бітіріп, Ақтөбеге колледжге оқуға түседі, ал мен мектепте оқып жүрдім. Сол кезде мен қатты ауырдым...

 «Мен Қарағандыға операцияға кетіп бара жатқанымда бір күн бұрын оған телефонмен жағдайымды айттым. Ол неге екені белгісіз, қашан, қай пойызбен шығатынымды сұрастырып алды. Мен мінген пойыз Ақтөбеге соқпайды, Қандыағашқа тоқтайды. Ал, Марлен сабақтан қашып шығып, Ақтөбеден Қандыағашқа келіп, менің вагоныма отырып алады. Оны көріп мен қуанып, «сабағың қайда?» деп сұрап жатырмын ғой. «Сен операцияға кетіп бара жатқанда мен қалай сабақта отырамын?» демесі бар ма? Әрине, анам да бұған таңғалды. Ол бұрын оны көрмеген еді. Кейін «жақсы бала екен, кез келген жігіт олай жасай бермейді, жарайды, ішің пыспайтын болды» деп, бірден қолдап кетті. Ал Қарағандыда Марлен ауруханада менің жанымда түнеп жүрді. Дәрігерлер оған палатаға кіруге рұқсат бермесе де, ол кіріп кететін. Пысық жігіт қой, әйтеуір бір ебін тауып келетін. Түнгі ауысымдағы медбикелерге тәтті торттар әкеліп, олардың да көңілдерін көтеріп қоятын. Ең бастысы, үнемі қасымнан қалмайтын. Мені моральдық тұрғыда қолдайтын. Мен дәл осылай болатынына сенбейтінмін. Мүмкін сол кезде біз екеуміз бұл махаббат екенін түсінген болармыз», - дейді Әнел.

Қос ғашық некелерін 2015 жылы Қарағандыда қидырған.

«Мен ауруханада үнемі Әнелдің жанында болуым үшін сырттай оқу бөліміне ауыстым. Кейін дәрігерлер «бұл баланы көндіре алмайсың бәрібір» деп, қолдарын бір сілтеді. Онда дәрігерлер кілең орыс. Мен орысшаға шорқақпын, сонда да барымды айтып, тілдерін табуға тырыстым. Кейін бәрімен дос болып кеттік, кетерде қимай қоштастық қой, - дейді Марлен.

«Менің өкпемді алып тастады. Бірақ, көрген қиындығым мұнымен бітпеді. Күніне 25 түрлі дәрі-дәрмек қабылдағандықтан асқазан-ішек жолдарының жұмысы бұзыла бастады. Сол Қарағандыда дәрігерлер ота жасау керек деп, 8 сантиметр ішегімді кесті. Ал 2012 жылы жүрегім сыр бере бастады. Тек бір өкпе жұмыс жасап тұрғасын, жүрекке оттегі жетпеді. Кез келген уақытта ауа жетпей қалуы мүмкін болғасын оттегі баллонын алдырттық. Осы кезде Марлен Қарағандыда жұмыс тапқан болатын. Ол менің жағдайымды ести сала, «мен жұмыстан шығам, сенің қасыңда болып, баллонды көтеріп жүремін» деді. Мен оттегі баллонынсыз жүре алмайтын болдым. Кез келген уақытта есімнен танып қалатынмын. Не істеп, не қойып жатқанымды білмей қаламын. Сол кезде Марлен тоқтамай сөйлеп, «міне, біз осында отырмыз, мына жердеміз» деп есімді жинатқызатын»,- дейді Әнел.   

Қарағандадыда өкпесіне ота жасаған дәрігер «Жедел ота жасау керек, жүректі қалай да орнына әкелу керек» екенін ескертеді. Әйтпесе, кез келген уақытта өміріне қауіп төніп тұрған болатын.


Марлен мен Әнел Астана, Алматының дәрігерлеріне барады. Сол кезде Алматыға Мәскеуден келген профессор Әнелді тексеруден өткізеді де, Марленге «сен қызды әрі-бері сүйреме, болды, өмір сүруге 30 пайыз мүмкіндігі бар, ешкім оған ота жасау жауапкершілігін алмайды, босқа сүйреп, әлсіретпей, әке-шешесіне апар, дайындала берсін» дейді.

«Бірде түнде ұйқымнан оянсам, Марлен Құдайдан дұға тілеп отыр екен. Алланы көріп тұрғандай сөйлеседі екен. «Сынап жатқаныңды білемін, бірақ қатты сынамашы, Әнелдің ауырғанына шыдай алмаймын, жол көрсетші» деп құдайға жалбарынатын. Оны естіп мен жылап, Марленнің менің өмірім үшін күресіп жүргенін көріп, «мен неге өзімнің өмірім үшін күреспеймін» деп, әл жинап, өз-өзіме сенімді бола бастадым», - деп еске алады.


«Өліп қайтып тірілсем де Әнел менің өмірімнің мәні. Иә, қиын болды. Бірақ, туыстарымыз, достарымыз барынша көмектесті, ақша жіберіп тұратын. Қарағандыда жүргенде өзім де далада түнеген кездерім де болды. Ештеңеге өкінбеймін, себебі Әнелім жанымда. Негізі мен осы жылы интернетте біз туралы жазғанда таңғалдым. Адамдар маған хат жаза бастады...», - дейді Марлен.

 

Соңғы жаңалықтар