«Атыраудан Алтайға дейін» этно-мәдени экспедициясы ұйымдастырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 2-жартыжылдығында «Атыраудан Алтайға дейін» этно-мәдени экспедициясы ұйымдастырылады. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақордада өткен ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында бейнеконференция байланысы режімінде есеп берген Нұрлан Ноғаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында өңірде атқарылған жұмыстарға есеп берді. Сонымен қатар ол ағымдағы жылғы жоспарларымен де бөлісті.

«2018 жылы атқарылған жұмыстар жалғасын тауып, сапалық деңгейі мен нәтижелілігіне баса назар аударылады. Бағдарлама аясында биыл облысымызда 6 млрд теңгеге 100  жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жалпы алғанда 500-ге жуық іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 300 мыңнан астам адам тарту көзделуде»,- деді ол.

Өңір басшысының айтуынша, ағымдағы жылы облыстың барлық аудандары мен ірі оқу орындарында кіші жобалық кеңселерді құру жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде облыстың 2 ауданында, 3 жоғары оқу орнында, 2 орта білім беру ұйымында кіші жобалық кеңсе құрылып, жұмыстарына кіріскен.

«Сонымен қатар облыстағы ауылдық кітапханалар желісін жаңғырту жобасы бастау алды. 2018 жылы облыс бойынша 8 кітапхана жаңа форматтағы мәдени-ағарту орталығына айналады. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында рухани құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «Ұлттық салт-дәстүр» халықаралық фестивалін және екінші жартыжылдығында аймақаралық байланысты нығайту үшін «Атыраудан Алтайға дейін» этно-мәдени экспедициясын ұйымдастыру жоспарлануда», - деді Нұрлан Ноғаев.

Соңғы жаңалықтар