Атырауда түрмеден шыққандарға пробация орталығы ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда прокуратура бұрын сотталғандарға арналған «Пробация орталығын» ашты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Пробация орталығы» «Қайта әлеуметтендіру: Сен қоғамға керексің» жобасының аясында ашылған. «Бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін орталықтың мақсаты - түрмеден шыққандардың қайта әлеуметтенуіне ықпал жасау, мүмкіндікке орай сотты болған адамдардың барлығын жұмыспен қамту», - дейді  облыстық прокурордың орынбасары Серік Шалабаев.

Орталықтың ашылуында прокурорлар, жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері, медицина қызметкерлері, психологтар, адвокаттар, медиаторлар, сондай-ақ пробация қызметкерлері пробациялық бақылауда тұратын тұлғаларды қабылдады. Келгендерге әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді.

«Пробациялық бақылауда тұратын тұлғалар жеке басының мәселелерімен бөлісу мүмкіндігіне ие болды. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және бұрынғы қылмысын қайталамау бойынша ұсыныстар да талқыланды. Бұл адамдарды жұмыспен қамту өзекті мәселе әрі ол барлық мекемелер мен кәсіпорындардың басшысына қатысты. Жұмыс берушілер де, қоғам да бұрын сотты болған адамдарға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуі тиіс», - дейді С. Шалабаев.

Осындай орталықтар мен кабинеттер облыстың бірнеше ауданында да ашылған.

Соңғы жаңалықтар