Атырауда республикалық күйшілер байқауы өтті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда күйші Әзидолла Есқалиев атындағы «Алтын домбыра» IV республикалық күй байқауы өтті. Байқауда Қазақстанның әртүрлі өңірінен келген 19 өнерпаз бағын сынады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сайыстың қорытындысы бойынша, байқаудың бас жүлдесі және 1 миллион теңгелік сертификат Д.Нұрпейісова атындағы xалықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің ұстазы Жәнібек Жәмиевке бұйырды.

I орын және 700 мың теңгелік ақшалай сыйлық Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының 4 курс студенті Асылбек Дәулетияровқа берілді. II орынды және 500 мың теңгелік сертификатты Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс студенті Ақбөкен Темір мен Д. Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ xалық аспаптар оркестрінің әртісі Ринат Ғимыранов иеленді.

Жүлделі III орынды Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенттері Әнуар Зинеденов, Әліби Нышан және Әйгерім Неталиевалар тең бөлісті. Олардың әрқайсысы 300 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Байқаудың дипломанттарына 100 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табысталды.

«Елімізге еңбегі сіңген композитор Әзидолла аға қазақ музыкасының дамуына үлкен үлес қосты. Ол музыка қоғамында жоғары абыройға ие болды және халықтың ыстық ықыласына бөленді.  Мұндай шаралар қоғамның рухани жаңғыруы және өсіп келе жатқан ұрпақ үшін үлкен мәнге ие», - деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
ҚР Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, бүкілодақтық орындаушылар байқауының лауреаты, профессор Әзидолла Есқалиев шебер орындаушы ретінде бірнеше дүркін xалықаралық байқаулардың лауреаты, бүкілдүниежүзілік фестивалінде қазақстандық өнерпаздар арасында бірінші болып «Алтын медалды» иеленген. ҚР Халық әртісі Құрманғазы атындағы консерваторияның профессор-ұстазы ретінде Қаршыға Аxмедияров, Айтқали Жайымов, Айгүл Үлкенбаева сынды домбырашылар ұрпағын тәрбиелеп шығарған.



Соңғы жаңалықтар