Атырауда оқушылар суға батып бара жатқан достарын құтқарып қалды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында бес оқушы суға батып бара жатқан достарын құтқарып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Атырау облысы Махамбет ауданы Таңдай ауылында тұратын 6 сынып оқушылары Бақсай каналына суға түсуге барған. Олардың ішінде суда жүзуді білмейтін Нұрсат бұл кемшілігін достарынан жасырған. Кезекті сүңгу кезінде қатты ағыста қалып қойған  оның жоғалып кеткенін бірден аңғарған достары дереу іздеуге кіріскен», - деді Батыс өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағының өкілі Мөлдір Шияпова.

Оның айтуынша, ұлдардың арасындағы Бегалы есімді бала Нұрсатты судың астынан алып шығып, Шыңғыс, Азамат, Наурызбек және Ерік есімді достарының көмегімен жағаға жеткізген. Олар ес-түсінен айырылған достарының жүрек тұсын уқалап, қолдан дем алдыру жаттығуларын жасаған.

«Біраз уақыттан кейін Нұрсат  тыныс ала бастады, - дейді Бегалы Төлеу. - Сол уақытта оның ата-анасы мен дәрігерлер де келіп жетті».

Нұрсат жедел жәрдем қызметімен аудандық ауруханаға жеткізілді. Бір тәуліктен кейін ғана ол өз-өзіне келіп, сөйлей бастады. Қазіргі уақытта Нұрсаттың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп жоқ. 

Соңғы жаңалықтар