Атырауда бата беру байқауы өтті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында батагөй ақсақалдар арасында аймақтық байқау өтті. Шараның басты мақсаты  бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі ету, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараны Атырау облысының әкімдігі,  «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамының облыстық филиалы, облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқауға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарында өткен іріктеу сайыстарында жүлделі орындарға ие болған 21 үміткер бақ сынасты.

Батагөйлер  «Ел есіндегі баталар» тақырыбында тарихта есімі сақталған тұлғалардың баталарын нақышына келтіре орындады. Ал сайыстың екінші бөлімінде қатысушылар ұлттық салт-дәстүрлердің біреуіне өзінің батасын берді.

Байқауға «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев бастаған қазылар алқасының құрамы қазылық етті. Сонымен қатар, шара барысында сайысқа түсуші ардагерлерімізге ақ жол тілеу үшін арнайы дайындалған «Батаменен ел көгерер» кітабының тұсауы кесілді.

Аталған кітапта Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен сөз маржанын мирас тұтқан ақсақалдардың ақ баталарымен қатар Атырау облысында 2017 жылы өткізілген сайысқа қатысушы қариялардың баталары топтастырылған.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының ардагері Ертай Сердалин ие болды. Ал, бірінші орынды Атырау облысы, Исатай ауданының ардагері Уахит Әділов, екінші орынды Индер ауданының ардагері Молдабай Берғалиев пен Құрманғазы ауданының ардагері Сабыров Ғалымжан, үшінші орынды Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының ардагері Таған Құмашев, Ақтөбе облысының ардагері Марат Қабижанов және Атырау қаласының ардагері Ақмырза Батырқайыровтар иеленді.


null

Абай Ақмұрзиев

Соңғы жаңалықтар