Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 340.11
EUR 407.93
RUB 5.91
CNY 51.61

Атырауда «алапеспен» ауыратындар көбейген - Өңірлік баспасөзге шолу

Атырауда «алапеспен» ауыратындар көбейген - Өңірлік баспасөзге шолу
2017 жылғы 17 қыркүйек 12:51 5013

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *

Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да - «Оңтүстік Қазақстан» газеті


Атырауда «алапеспен» ауыратындар көбейген - Өңірлік баспасөзге шолу

«Оңтүстік Қазақстан» газеті осындай атаумен берілген мақаланы «тарихилық принципi» мәселесінен бастаған екен. Автор пайымынша, ХХI ғасырда қарапайым болып көрiнетiн нәрселер орта ғасырларда таңғажайып жаңалық болып есептелген. «...V ғасырда жабайы жылқыны қолға үйретiп, оған ер тоқым мен үзеңгi, ауыздық салу, қала бердi оның үстiнде қолына шоқпар алып жаумен айқасу деген ең жоғары технология, ғажап ноу-хоу болған. Ол кез үшiн жылқыны жүгендеп мiну, онымен жауға шабу дегенiңiз қазiргi жарық жылдамдығымен ұшатын зымыран жасаудан да қиын тiрлiк-тi. Сол жоғары технологияны жасап шығарған және бүкiл адамзатқа үйреткен көк түрiктер, бiздiң ата-бабаларымыз едi. Қазiр еврейдiң ақылын, немiстiң сапасын, жапонның тапқырлығын айтып таңқаламыз емес пе? деп бастайды мақаланы автор.

Сүйтіп, мақала жазушы бір кездегі өркениет бесігі саналған бабаларымыздың жолы қазір жалғаспай отырғанына күйінеді. «Неге алғашқы ғарыш кемесiн немесе сенсорлы экраны бар алғашқы смартфонды бiз жасамадық? Не себептi нанотехнологияның жiлiгiн шағып, майын iшкен майталман маман арамыздан шықпай отыр? Нелiктен осы күнге дейiн қазақтың бiрде бiр ғалымы Нобель сыйлығын алардай ғылыми жаңалық ашпады?» деген сауалдарды көлденең тартып, ақыр аяғы әлгіндей: «...ұлттық салт-дәстүрiмiзден алшақтап, отбасындағы, әулеттегi ұрпақ сабақтастығынан, тектi ұрпақ тәрбиелейтiн кемел методологиямыздан айырылып қалдық» деп бар мәселені осыған тірейді. Осыған байланысты мақала авторы бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі кемшіліктерге пікір білдіріп, тектілік мәселесін де қозғайды. «Бұқар жыраудың өзi «Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай қоймас негiзге» деп жырлаған екен. Демек, тектiден тектiнiң туатыны, тектiлiк тұқым қуатыны - ақиқат. Олай болса, бала туған кезде оның миы ақ қағаздай тап-таза болады деп, ана құрсағындағы, тiптi оған дейiнгi тәрбиенi ұмыт қалдырып жүргенiмiз үлкен өкiнiш емес пе?» деп түйіндейді.  Бұл ретте автор отбасын құруға ниеттенген жастардың көпшілігі дүниеге текті ұрпақ әкелуге ниеттенбейтінін айтып налиды.

Мақала тақырыбы дүниеге дені сау ұрпақ әкелуге қатысты проблемалармен толығып, нешетүрлі деректер алға тартылады. Айналып келгенде бүгінгі заманның жағымсыз құбылыстары жастар арасында бұрынғыдан бетер белең алып, ұрпақ санасы сонымен уланып жатқанына, түйіндей айтқанда тектілікті ойлайтындар азайып бара жатқанына алаңдап, дабыл қағады.

 

Көккесене - Алпамыс батырдың жұбайы Гүлбаршын сұлуға тиесілі ме?


Атырауда «алапеспен» ауыратындар көбейген - Өңірлік баспасөзге шолу

«Сыр бойы» газетінің жазуынша, Жаңақорған ауданына жетпей үлкен жолдың бойынан Төменарық ауылына қарай бұрылатын жер бар. Сол тұста Қожамберді елді мекені кезігеді. Осы маңда «Көккесене» деп атап кеткен ортағасырлық архитектуралық  ескерткіші бар екен. Мақала авторының жазуынша, жергілікті тұрғындар Көккесенені Алпамыс батырдың жұбайы Гүлбаршынның қабіріне орнатылған деп санайды екен. Мына мәліметті естіген тілшінің өзі де таңданыс білдіреді. «Көккесене - біздің ауылдың жүрегі. Бұл жерде атақты Алпамыс батырдың әйелі Гүлбаршын сұлу жатыр. Бізге дейінгі үлкендер осылай дейтін. Біз де балаларымызға солай айтып жүрміз. Ал, ауыл атқа құйысқансыз мінген Қожамберді батырдың есімімен аталады» депті тілшімен әңгімесінде ауыл ақсақалы.

Шындығында Сыр елінің тарихтың талай сырын ішіне бүгіп жатыр. Тек оған қызығып кіріспеген сайын ондай сырлар да көмескілене түсетіні де анық.

Атырауда «алапеспен» ауыратындар көбейген


Атырауда «алапеспен» ауыратындар көбейген - Өңірлік баспасөзге шолу 

«Атырау» газеті негізінен экологиялық проблемалар тақырыбын көтерген екен. Соның салдары ретінде түрлі аурулардың көбейіп отырғанын да алға тартады. Соның бірі қазақтар «алапес» атайтын витилиго ауруы. Бұл бүгінде Атырау өңірінде көбейген. Бұрындары ілуде бір кездесетін терінің бұл ауруы қазіргі таңда кішкентай сәбилерде де байқалатын көрінеді.

Деректерге қарағанда, Атырау облысында 2014 жылдан бері шаштың түсуі, адамдардың таз ауруына шалдығуы көбірек байқалған. Таз ауруының қоздырғышы мектеп оқушылары арасында да кездеседі екен. Осыған орай, дәрігер мамандар жастарды тазалыққа көбірек көңіл бөлуге шақырып, ауруға шалдыққандар өзін-өзі емдеумен айналыспауы керектігін ескертеді.

Качир қашан қазақшаланады? - «Сарыарқа самалы» газеті

Атырауда «алапеспен» ауыратындар көбейген - Өңірлік баспасөзге шолу

Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті Качир ауданының атауын өзгерту жөнінде мәселе көтеріпті. Бақсақ, осыдан біраз бұрын аудан орталығы Тереңкөл деп аталыпты, ендігі кезек аудан атауына да келген тәрізді.

Ауданның арғы тарихын айта келе автор: «Ықылым заманнан Тереңкөл болысы, кейін ең алғаш Тереңкөл ауданы деп аталған бүгінгі Качир ауданына «Тереңкөл» атауын қайтарған жөн деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев іссапармен келгенде, «Қашыр» атауына көңілі толмағанын айта кеткен де жөн» деп жазады.

Бұл ретте автор Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасының мақсатына тоқтала келе, туған жеріміздің байырғы атауларын қайтару - көптің ісі екенін еске салады.

Үй жөндеп жүріп латын әріпімен жазылған оқушы дәптерін тауып алды - Қостанай таңы газеті

Атырауда «алапеспен» ауыратындар көбейген - Өңірлік баспасөзге шолу 

Қостанай облысы Қарабалық ауданының тұрғыны өз үйінің жөндеу жұмыстары кезінде еден астынан 1942 жылы латын қарпімен жазылған оқушы дәптерін тауып алыпты. Бұл туралы «Қостанай таңы» газеті жазады.  Әлбетте, әлгі дәптердің басқа уақытта табылса құны қандай болатыны, тіпті оған арнайы мақала арналатыны да онша белгісіз. Алайда латын әліпбиіне көшу мәселесі қызу талқыланып жатқан бүгінгі күні әлгі латын дәптердің құны да төтенше екені сөзсіз.

«Дәптердің бірнеше парақтары ғана сақталған. Бірақ, оқушының қазақ тілінен сыныптық және үй жұмысын латын әріптерімен жазып, оны орыс тіліне аударғаны анық көрінеді... Дәптер табылған үй тура 100 жыл бұрын салынған екен. Сонымен қатар Бекболатовтар отбасы үй жөндеу барысында алпысыншы жылдарда шыққан бірқатар ұсақ монеталар тауып алған» деп жазады тілші.

  

Бозайға бөгдеғаламшарлықтар келген бе? - Дидар газеті


Атырауда «алапеспен» ауыратындар көбейген - Өңірлік баспасөзге шолу 

Шығыс Қазақстан облысының «Дидар» газеті жұртты елең еткізетін мақала жариялап отыр. Бақсақ Аягөз маңындағы елді мекенде өзге ғаламшарлықтарға қатысты ерекше оқиғалар бұрыннан айтылатын көрінеді. Бұл жолы жергілікті тұрғындар «ауыл сыртындағы жазық алаңқайға келіп із салғандардың бөгдеғаламшарлықтар екенінде дау жоқ» дейтін көрінеді.  Айтпақты Бозай туралы мәлімет те қызық. Кезінде осы ауылдың Гүлғайша атты емшісіне бүкіл Кеңес Одағынан ағылған сырқат жандарда есеп болмайды екен. Міне, Бозай маңына бөгдеғаламшарлықтардың келгені туралы деректер  сол тұста да айтылған көрінеді. «Ауылдың бір топ азаматтары осыдан үш күн бұрын осы жерде болып, бөгде «қонақтардың» салып кеткен «өрнегін» бейнекамераға түсіріп алыпты. Енді «өрнек» жайында. Ромб тәрізді етіп қалыңдығы 40 сантиметрдей жерді ойып алып, бір метрдей жанына жылжытқан қандай күш екеніне таңғаласың! Бәлкім, ойып алынған осындай үлкен жерді «шақырылмаған қонақтар» басқа жаққа алып кетпек болып, орнына тастай салған. Ромб тәрізді жылжытылған жерді өлшедік: ұзындығы 12, ені 4,5 метр», деп жазады автор.

 

 

 

 

 

 

Басты сөздер: Қоғам, БАҚ,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер