Атырау облысының прокуроры браконьерліктен бас тартқандарға қолдау білдірмек

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының прокуроры Ернат Сыбанқұлов қараша айында бір тонна бекіре тұқымдас балықпен ұсталған атыраулық браконьерлердің қылмыстық ісі сотқа жолданғаны туралы Facebook парақшасына жазды.

«Кеше қылмыстық істің айыптау қорытындысы сотқа жіберілді. Әзірге, әрине, соттың қандай шешім шығаратынын мен білмеймін. Бұл бап бойынша ең жоғарғы жаза 5 жыл бас бостандығынан айыру» - деп жазды Е. Сыбанқұлов.

«Мәселе басқада: олар бұл қадамға барардың алдында, табиғатқа қандай залал келтіргендерін, ол шығынды қалай толтыратынын ойлады ма екен? Сарапшылардың есебінше, табиғатқа келген зиян 378 млн теңгеден жоғары. Бұл - олардың әрқайсысына 95 млн теңгеден келеді деген сөз. Мүліктің тәркіленіп, есепшоттың бұғатталуы, шетелге шыға алмау, жүргізушілік куәліктен, басқа да мүмкіндіктерден шектелу. Бұл - ойыншық емес. Отызға да толмаған жігіттерге осы керек пе еді?»,-деді прокурор.

Қуатты шетелдік қозғалтқыштармен жабдықталған браконьерлердің қос қайығы 5 қараша күні Исатай ауданының Жамбай ауылының ұсталған болатын. Олардан 304 бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Төрт қылмыскер тұтқындалған.

«Әлеуметтік желідегі жұрт оларды қорғап, «әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық» деген сыңайда ойларын жеткізген еді. Осы ретте менің айтарым, олар ақшасыз адамдар емес, қайықтары мен ондағы жабдықтарының бағасы 10 млн теңгеге дейін жетеді. Демек, бұл адамдар браконьерлікті өздерінің кәсібіне айналдырғандар»,-деп қосты прокурор.

Е. Сыбанқұлов сонымен қатар браконьерліктен бас тартып, адал еңбек еткісі келетіндерге қолдау көрсететінін де айтты.

«Заң аясында балық кооперативтері, артельдер құрылсын. Бұған қандай да бір тосқауылдар пайда болған жағдайда бізге хабарлаңыздар. Судағы балықты көзсіз қыруға ешкімге рұқсат берілген жоқ және оны болдырмауға бар күшімізді саламыз»,-деді ол.

Соңғы жаңалықтар