Атырау облысының əкімі суару жүйелерін ұтымды пайдалануды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысының суару  жүйесі  толығымен пайдаланылуы тиіс. Бұл үшін барлық  жүйені жаңарту  қажет. Махамбет ауданында өткен кеңесте аймақ экономикасының маңызды тақырыбы талқыланды, деп  хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар  қызметі.

«Казсушар» РМК Атырау филиалының басшысы Асланбек Рысжановтың мәлімдеуінше,  Атырау облысының суару жүйесінің аумағы - 1152 км (Махамбет, Индер, Құрманғазы, Исатай аудандарында). Бүгінде 4 су арнасы аймақтың коммуналдық меншігіне берілген. Ал 11 су арнасы республикалық меншікке тиесілі. Ағымдағы жылда он су арнасы жергілікті басқармаға өтетін болады. Құжаттар дайындалуда. Олардың бірі, стратегиялық маңызды болғандықтан, тиісті министрліктермен келіссөздер жүргізілуде.

2017 жылы суармалы және деформацияланған жер учаскелеріне 12 миллион текше метрден астам, жайылымдық жерге 2  миллион текше метрден астам су берілді. Бұл саланың басты мəселесі, көптеген су арналары  бітелген жəне тозған. Оларды жөнге келтіру миллиардтаған салымды талап етіп отыр.        

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев атап өткендей, жергілікті атқарушы органдар  қаржыландыруды өз мойнына алып отыр.

«Мəселені кешенді түрде шешу қажет.  Бəріне мəлім,  Атырау облысында су тапшы. Əр тамшы судың сұрауы бар. Сондықтан, барлық жұмыс жасап тұрған су арналарын шалғайдағы елді мекендерге су беру үшін пайдалану қажет. Бұл егіс алаңын ұлғайтуға, мал шаруашылығына жаңа  серпін береді», - деді ол.

Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, суару жүйелерінің қуатын арттыру жобасын жүзеге асыру үшін шамамен 2 млрд. теңге қажет. Аймақ басшысы бұл қаражатты бөлу қажет деген шешімге келді.

«Ия, əрине шығындар болады, бірақ біз алға қарай ұмтылуымыз керек. Агроөнеркәсіптік кешендерді дамытуға қолдау көрсету қажет, әрдайым  субсидиялар қажет. Статистика бойынша ауыл шаруашылық кәсіпорындары санының  қысқарғаны  байқалады. Бұл тікелей ауданға судың қанша көлемде берілуіне байланысты, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.  - Мемлекет басшысы біздің алдымызға экономиканы әртараптандыру және агроөнеркәсіп саласын дамыту міндетін қойып отыр - біз осы бағыттағы осал тұстарды анықтап, оларды тез арада қалпына келтіру керекпіз».

Соңғы жаңалықтар