Атырау облысында бұзақылардың шабуылынан екі шекарашы жапа шекті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысындағы жағалауға жақын Жамбай ауылында шекарада әскери қызметін өтеп жатқан екі әскер бұзақылардың шабуылынан жапа шеккен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Оқыс оқиға шекаралық заставаға жақын маңда мерзімді борышын өтеп жатқан әскерилер тобы әскери дайындық бойынша командир орынбасарының басшылығымен спорттық жүгірістен қайтып келе жатқанда болған. Оларды шетел маркалы екі машина қуып жетіп, ішіндегілер әскерилерге төне бастаған, атпақшы болған. Әскерлер машиналардың шабуылынан жалтарып қалған, бірақ екі әскер жеңіл дене жарақатын алған. Офицер бұзақыларды келіссөздермен алдандыра отырып, әскерлерді заставаға дейін жеткізе алған. Содан кейін бұзақылар оған шабуыл жасап, ұрмақшы болады. Офицер амалсыз үш рет аспанға оқ атуға мәжбүр болған, одан ешкім зардап шекпеген», - дейді Батыс гарнизонының әскери прокуроры Жанболат Айекенов.

Прокурордың сөзіне қарағанда, оқтың дауысына ашынып, әскери бөлімшенің алдына көптеген жергілікті тұрғындар жиналған.

Оқиға орнына Исатай ауданының әкімі, аудандық прокурор, АІІБ бастығы, әскери полиция қызметкерлері және әскери бөлім штабының бастығы шұғыл жетіп келген. Түнгі сағат екіге қарай барлығы тарасқан.

«Қазіргі кезде шекара қызметінің қаруды пайдаланған фактісі есеп кітабына тіркелген. Қызметтік тексеріс жүргізілуде. Бұдан тыс, бұзақылық әрекет - шекарашыларға шабуыл жасаған азаматтарға қатысты Атырау облысы, Исатай аудандық ішкі істер бөлімі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Автомашиналардың иелерінің тұлғасы анықталған», - дейді Ж. Айекенов.

Атырау облысы Исатай ауданының Жамбай ауылы Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Ауыл тұрғындарының көпшілігі заңсыз түрде теңізден бекіре аулаумен айналысады. Жыл сайын браконьерлікке қарсы шаралар жүргізетін құқық қорғау органдарының өкілдері мен ауыл тұрғындары арасында қақтығыстар болып тұрады.

Соңғы жаңалықтар