Атырау облысында 10 мектептің атауы өзгертілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында 10 орта мектепке жаңа атау берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Биыл жазда Атырау облысындағы 10 білім беру мекемесінің атауын өзгерту туралы ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданған болатын. Мектептерге тарихи тұлғалардың, Екінші дүниежүзілік соғыс батырларының, «Алаш» партиясы қайраткерлерінің есімдері берілді. Атырау қаласындағы №2 мектепке Жұмекен Нәжімеденов; Атырау қаласындағы №3 мектепке Қасым Қайсенов; Атырау қаласындағы №23 мектепке Ахмет Байтұрсынов; Атырау қаласындағы №35 мектеп-гимназияға Хамит Ерғалиев; Атырау қаласындағы №22 мектепке Әлия Молдағұлова; Атырау қаласындағы №6 мектепке Мұрат Мөңкеұлы; Қызылқоға ауданындағы №1 мектеп-гимназияға Ығылман Шөрековтердің есімдері берілді», - деп мәлімдеді Атырау облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева Аймақтық коммуникация қызметінде өткен брифингте.

Бұдан тыс, Атырау қаласындағы Ленин атындағы орта мектеп енді Мағжан Жұмабаев есімімен аталатын болды. «Балықшы» шағын ауданындағы Абай атындағы мектепке Мақаш Бекмұхамбетов есімі, ал Махамбет ауданының Таңдай ауылындағы мектепке Қаршыға Ахмедьярова есімі берілді.
Сондай-ақ 2017 жылы облыстық ономастика комиссиясы 24 көшенің атын өзгерту және 333 көшенің аттарын қолданыстағы заңдылыққа сәйкестендіру мәселелерін қарап шығып, оң қорытындылар берген.

Соңғы жаңалықтар