Атырау облысы «ЭКСПО-2017» идеясына сәйкес 30-ға тарта жобаны жүзеге асырмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Атырау облысы «ЭКСПО-2017» көрмесінен 30-ға тарта жобаны жүзеге асырмақ. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Атап айтқанда, ЭКСПО-2017» көрмесінде көтерілген идеялар, «жасыл экономика», баламалы энергетиканы дамыту, қоршаған ортаға өндіріс орындарының тигізер әсерін төмендету бойынша жобалар Атырау облысында да жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда жалпы сомасы 140 млрд теңгені құрайтын, 5 жоба іске асуда. Исатай ауданында жалпы қуаты 52 мегаватт жел электр стансасының құрылысы жүріп жатыр. Арнайы экономикалық аймақта қоршаған ортаға әсерін төмендету жөніндегі ілеспе газды тиімді пайдалану бағытында жалпы құны 100,6 млрд теңге болатын газ электр станcасының құрылысы жүргізілуде»,-деп тоқталды облыс әкімі Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, Атырау қаласының 39 көшесін жалпы ұзындығы 106,6 шақырымға созылған аумағын энергияны үнемдейтін шамдармен жарықтандыру қолға алынды. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде іске асуда. Жобаның құны 2 млрд 336 млн теңгеге бағаланды. Мұнымен қоса, Атыраудағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жөнінде жаңа стандарттармен полигонды салу жобасы іске асып жатыр. Оның құны 3,5 млрд теңге.

«Сонымен қатар тағы да 23 жобаны қолданысқа енгізу қарастырылуда. Аталған жобалардың барлығы да «ЭКСПО-2017» көрмесінде таныстырылған», - деді Н. Ноғаев.

Биыл елордада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі елдің өркендеуіне маңызды ықпалын тигізетініне тоқталған өңір басшысы, «жаз айларында көрмеге Атырау облысынан 83 мың адам қатысты, оның ішінде 13 мыңы мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері, сондай-ақ екі мың мұғалім бар. 500-ге тарта ҰОС және еңбек ардагерлері демеушілердің қолдауымен ЭКСПО-ны тамашалауға мүмкіндік алды. Астанадағы Атырау облысының күндері аясында 1 мыңға жуық өңір тұрғыны өздерінің өнерлерін паш етті»,-деді.

Соңғы жаңалықтар