Атырау мұнай өңдеу зауыты толық қуатына шықты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау мұнай өңдеу зауыты тамыз-қыркүйек айларында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін толық өндірістік қуатына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АМӨЗ-де күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған кестеден жеті күн бұрын, яғни 22 қыркүйек күні аяқталды. Зауыт жөндеуге тоқтатылмас бұрын резервуарларға өңірдің сұранысын қамтамасыз етуге жетерлік әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің қажетті көлемі жинақталған болатын. Мұнай өнімдерінің жинақталған барлық көлемі жөндеу жұмыстары кезінде жөнелтілді. Қазіргі уақытта зауыттың барлық технологиялық қондырғылары 100 пайызға іске қосылды. Қондырғыларды іске қосу және оларды жұмыс режіміне шығару технологиялық регламенттерге сәйкес жүзеге асырылды. Мұнайдың орташа тәуліктік өндірісі - 15,9 мың тоннаны, бензин өндірісі - 2-2,2 мың тоннаны, дизельді отын 4,5-5 мың тоннаны құрайды. Бұл салалық министрлік бекіткен өндірістік жоспарға толығымен сәйкес келеді», - деп хабарлады АМӨЗ-дің қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінен.

Зауыттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қазіргі өндіріс көлемі кәсіпорынның жөндеуге жабыларға дейінгі көлемімен бірдей. 2017 жылы зауыт 4 млн 650 мың тонна мұнай өндіруі тиіс.

«Сондай-ақ 2017 жылдың 2 қазанындағы жағдай бойынша, өңірдің негізгі отын жеткізушісі - «Атырау мұнай өнімдерінің» резервуарларында 2 160 тонна жанар-жағармай, соның ішінде 1200 тонна бензин барын хабарлаймыз», - деп атап өтті АМӨЗ-ден.

 

Соңғы жаңалықтар