Атырау: Каспиймаңы елдерінің медиакеңістігін біріктіру ұсынылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда өткен Халықаралық ғылыми конференцияда Каспиймаңы елдерінің құқық және медиа салаларының сарапшылары бас қосты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазақстаннан, Иран, Әзербайжан және Ресейден жиналған сарапшылар талқылаған басты мәселе Каспий өңіріндегі елдердің өзара ынтымақтастығы болды.

«Біздің елде 150 газет шығады, 100-ден астам телеарна хабар таратады. Иранда баспасөз ерекше білім, тіпті ғылым ретінде қабылданады. Көптеген ЖОО-ға газет ісі студенттерге ғылыми саласы ретінде оқытылады», - дейді Иранның алдыңғы қатарлы ақпарат агенттігінің иесі Ибрагим Залали.

Ол екіжақты келісім негізінде Ресейдің, Қазақстанның және Әзербайжанның БАҚ өкілдерімен бірыңғай ақпараттық кеңістік құру ұсынысын білдіріп, дәл осындай келісімді олар Мәскеудегі ақпарат агенттіктерінің бірімен жасасқанын тілге тиек етті.

Шарада сөз сөйлеген Каспий өңірі елдерінің басқа сарапшылары да ирандық әріптестерінің пікірін қолдап, қазіргі жағдайда Каспий маңы елдерінің медиа кеңістігін біріктірудің маңызын атап көрсетті. Осыған орай елдер арасында одан ары ақпарат алмасу және ынтымақтастық жасау үшін қажет тетіктерді жасап шығу жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.

Соңғы жаңалықтар