Атбасарлық дəрігерлер тіліксіз ота жасау мүмкіндігіне ие болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Атбасар аудандық ауруханасы 436 миллион теңгенің медициналық қондырғысымен жабдықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, медициналық қондырғыны сатып алуға 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыстық бюджеттен 436 миллион теңге бөлінген.

Атбасар аудандық аурханасының бас дәрігері Азамат Әбдірахмановтың сөзінше, жаңадан сатып алынған эндовидеохирургиялық кешеннің көмегімен лапароскопиялық ота жасауға болады.

«Осыған дейін біз науқастарды мамандандырылған Астана жəне Көкшетау қалаларындағы ауруханаларға жіберетін едік. Енді жоғары технологиялық процесстерді, хирургиялық, гинекологиялық оталарды өзімізде жасайтын боламыз. Сонымен қатар, Есіл, Жақсы жəне Жарқайың аудандарының науқас тұрғындары да бізде лапароскопиялық ота жасата алады», деп түсіндірді Азамат Әбдірахманов.

Лапароскопиялық ота бұл ауруды асқындырмай, науқастың тез сауығып кетуі үшін таптырмас əдіс болып табылады. Аталмыш əдіс бойынша ота 0,5-1 сантиметр тілік арқылы енгізілген лапароскоп - оптикалық құралының көмегімен жасалады. Бұл жараның отадан кейін тез бітіп, науқастың қысқа мерзімде, яғни, 3-4 күннің ішінде сауығып кетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, науқасқа отадан кейін ауыруды басатын дәріні беруді қажет етпейді.

Сонымен қатар, аталмыш ауруханаға С-дуга типті ренгент аппараты, өкпені жасанды демалдыратын екі аппарат, наркоз-демалу аппараты, УЗИ аппараты, жылжымалы ренгент қондырғысы сатып алынды. Келер жылы компьютерлік томограф алу көзделген.

Соңғы жаңалықтар