Атбасарда су басу қаупі бар аумақтардағы үйлер көшірілуі мүмкін

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Атбасар қаласында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындарының қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы ғимаратында өткен кездесуде көктемгі су тасқынының алдын алу, келтірілген материалдық шығын сияқты зардаптарын жою мәселесі кеңінен сөз болды.

null 

Еске сала кетейік, соңғы жылдары (2014 жылдан бері) Атбасар қаласындағы Жабай өзенінің бойында орналасқан үйлер көктем айларында тасқын судан зардап шегіп, тұрғындар біраз қиындық көріп келеді. Табиғат апаты материалдық шығын әкеліп қана қоймай, орны толмас моралдық зиян келтіруде.

null 

Әсіресе, соңғы екі-үш жыл қатарынан орын алған су тасқының зардабы орасан зор болды. Су тасқынын болдырмау үшін ұзындығы 9,5 шақырым берік бөгет салуға 9 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет. Оның өзі тек 3-4 жылдың ішінде  салынып бітеді. Сондықтан, аудан тұрғындары бөгеттен гөрі, жаңа тұрғын үйлер салып, қауіпсіз жерге біржолата көшкен дұрыс деп отыр. Бұл бір жағынан уақытты әрі 1,5 - 2 миллиард теңге қаржыны үнемдеуге көмектеседі. Ал, үнемделген бұл қаржыға Жабай өзенінің жағасындағы тұрғын үйлердің орнын абаттандырып, ересектер мен балалардың демалатын жағажай аумағына айналдыруға болады. Бұл шаралар көктем айларында су тасқыны проблемасын түбегейлі шешіп, өзен ағысын кеңейтуге мүмкіндік берері анық.

null 

Жалпы, аудан әкімдігінде жаңа шағынауданның жобасы қарастырылған. Қазірдің өзінде мұнда 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Егер тасқын су қауіпі бар аймақта  орналасқан өзге тұрғын үйлер көшірілетін болса, тағы бірнеше тұрғын үй жаңадан салынар еді. Осылайша, қазіргі заманға сай тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандары бар жаңа шағынаудан салу арқылы қаланың келбеті ажарлана түсетіні сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар