Атаулы әлеуметтік көмекті табысы күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасылар алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылғы 1 қаңтардан жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасылар алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызмет көрсетуді әрі қарай ұйымдастыру мәселесінде мемлекет пен отбасының және азаматтың ынтымақтаса әрекет етуін көздеп отыр. Сондықтан, қызмет көрсетудің атаулы сипатын күшейтуде мұқтаж тараптың өтініш беруін тоспай-ақ, оны анықтайтын жұмыс тәсіліне көшуді жоспарлаудамыз», - деді Жақыпова.

Оның айтуынша, осыған байланысты Елбасының «Болашаққа бағдар: Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласы аясында министрлік бірқатар бағытты қамтитын жаңа Әлеуметтік қызметтер жүйесін әрі қарай дамыту тұжырымдамасын әзірлеген.

«Мұнда ауылдағы қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз еткіміз келеді. Себебі бүгінде үкіметтік емес ұйымдар негізінен қалаларда жұмыс істеуде. Бұл түйткілді тарқату үшін жеке секторды тарту көзделуде. Жеке секторды тартуға қатысты қызметтер тарифі мен стандарттарды қайта қарастырған абзал деп санаймыз. Бұл қағидаттар мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелермен бірге, үкіметтік емес ұйымдардың нақты шығындарын ескере отырып жасалады. Нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі арқасында, көрсетілетін қызметтердің сапасы көтерілетінін болжап отырмыз. Осыған қатысты жаңа стандарттар жасалып, кадрлар даярлау жүйесі қайта қаралады. Бұдан тыс, қаржыландыру әдісінің өзгеруі арқасында еңбекақыны ұлғайту мақсат етілуде», - деді ол.

Сонымен қатар ол жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекке қатысты мәселелерге тоқталды.

«2017 жылдың 1 қазанындағы жағдайға сәйкес, аталған жобаға қатысушылар саны 161 мыңнан асты. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5 еседен астам артық. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 32,5 мың адам тартылды. Жобаға қатысушылардың жан басына шаққандағы кірісі 3,1 есеге өсті.

Еске сала кетсек, «Өрлеу» ілкі жобасы - бұл әлеуметтік келісімшарт негізіндегі қаржылай көмек көрсету шараларының кешені. Аталған жоба атаулы әлеуметтік көмектің жаңа үлгісін қалыптастырып, табыс көзі төмен азаматтарды қолдауға бағытталып отыр. 2018 жылдың 1 қаңтарынан іске асатын жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен болатын отбасылар ала алады», - деді Светлана Жақыпова.

Соңғы жаңалықтар