Аталарымыз дойбыны ат үстінде қалай ойнаған - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақтар бұрын дойбыны ат үстінде де ойнаған - «Іле» газеті    

Қытайда шығатын «Іле» газетінде Нұртаза Наурызбекұлының қазақ дойбысы туралы жазған, тың деректер ұсынған, мәдени танымдық мақаласы жарық көрді.

Аталған мақалада, дойбының әлемдік шығу тарихына шолу жасай отырып,  қазақ дойбысының ескі шежіресін қаузап, оның қалыптасуы, дамуы, ұлттық болмысы, бүгінгі жағдайы туралы соны деректермен бөліскен. 

«...Әлемде дойбының түрі көп, ол әр жердегі халықтың атымен аталып жүр. Ұлтымыз дойбыны өз атымен «Қазақ дойбысы» деп атап, тақта бетіндегі жүріс жолдарын «ұзын үй», «қос үй», «үш үй», «төрт үй» және үйлердің бастарын «иық» деп бөлген. Ойынға қажетті ереже, қағидаларды енгізген. Жеңіс-жеңіліс нәтижесін «құл закүт», «би закүт», «қорлық закүт», «қос қоржын», «көк күшік», «үш тайынша», «көп тайынша» деген секілді атау тағып, ойынның соңғы нәтижесінің құндылығын ұлтымыздың өмір салтына қарай бейімдеген.
null 

Дойбыға қатысты халық арасында бүгінге жеткен көптеген мақал-мәтел, жұмбақтар да бар. Мұндай тұрақты нақыл сөздердің болуы дойбының тарихы ұзақ, төл ойынымыз екендігінен дерек береді. Қазіргі қолда бар қазақ дойбысы сызбасының құрылымына талдау жасағанда, сызбаны жерге, малдың терісіне (жарғақ, тулақ), тегіс бетті тақтайшаға, жалпақ тастың бетіне сызғаны белгілі.

Қазақ дойбысының әуелдегі үлгісі киіз үйдің керегесі формасында жобаланып, керегенің айқасқан жеріндегі қайыспен көктелген орынды, дойбы тастары тізілетін орын етіп тұрақтандырған. Шыңжаңда материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген қазақ дойбысының мұрагері атағын ресми алған тарбағатайлық Қабылсейіттің қолында арғы аталарынан мұра болып қалған жәдігер, қазақ дойбысының теріге сызылған, кереге көз формадағы сызба нұсқасы бүгінгі күні сақтаулы тұр», - деп жазады автор мақаласында.

Аталған мақалада ертеректе аталарымыздың ат үстінде келе жатып та дойбы ойнағаны туралы да нақты дәйек келтірілген.  Бұл ойын түрінің көп машықпен, ерекше талантпен ойналатындығы айтылады.  Сонымен бірге бұл ойын дағдысы қазақ дойбысының өзгеше құбылысы, даму шыңы екенін мегзейді. Өкінішке қарай қазіргі күні бұл ойнау дәстүрі ұмытылған. Тіптен аталарымыз ат үстінде шауып келе жатып дойбы ойнаған дегенге сендіруде қиын.

«Бұрынғылар аттың үстінде дойбы ойнайды екен» деген сөз бар, бұл жөнінде белгілі жазушы Қадыр Жұмақанұлы өз көзімен көрген жағдайды әңгімелейді. «Алтай аймағының Шеміршек өңірінде «дойбышылар ауылы» деп аталатын ауыл бар. Бұл ауылдан дойбышы өнерпаздар көп шыққан.  Осы ауылдың тұрғыны белгілі халық ақыны Боздақ Дүзбенбетұлы тоқсанға келіп қартайған шағына дейін дойбы ойынынан жеңіліп көрмеген екен. Боздақ атамыз қарсыласын көбінде тұйыққа қамап, әсіресе, «қорлық закүт» жасап ойнайтын. Кезінде осы ауылдағы Боздақ бастаған Ырысбек, Ақылбай, Мұсай, Қадыр қатарлы дойбышылар алыс сапарға шыққанда, жол қысқарту үшін аттың үстінде екі-екіден жұптасып ойша дойбы ойнауды әдетке айналдырыпты. Мұндай  дойбы ойнау дәстүрі самырат руының Талдыбай ауылында да болған», - дейді  Қадыр Жұмақанұлы.

Қазақ дойбысы ғасырлар бойы үзілмей ойналып, кемеліне келген сайын, ойын жолдары көзге қанық, көкейге жаттанды болып, бірте-бірте ешқандай материалсыз-ақ  ойша (аттың үстінде) ойнау дәрежесіне дейін жеткен. Дойбыны ойша (тақтасыз, тассыз) ойнағанда, жүрілетін тастың тұрған орнын және оның келесі баратын орнын сөзбен түсіндіруге, жоғарыда айтылған жүріс жолдары пайдаланылған. Мысалы, ойын кезінде бастаушы ойыншы «ұзын үйдегі тасты қос үйге жүрдім (бастым)» десе, оған қарсы ойыншы «қос үйдегі тасты оң жақ қос үйге жүрдім» дейді, тағы сол сияқты «қос үйден төрт үйдің иығына шықтым», «үш үйдің басынан биге шықтым», «төрт үй мен үш үйдің түйілісіндегі бимен қос үй мен үш үйдің түйілісіндегі құлды жедім»...  деген секілді жүріс жолдарын атау әдісімен жүріс жасап, ат үстінде ойнай білген.  Дойбыны ойша (ат үстінде) ойнау әншейін айта салған жай сөз емес, өнердің осы биігіне жету үшін ұзын уақыт ойнау машығы мен ерекше қарым-қабілеттің жемісі екені даусыз. Бұл дойбының халық өміріне етене жақын, ғасырлар бойы жалғасқан төл өнеріміз екенін айғақтайды», - деп жазады Нұртаза Наурызбекұлы.

Қытайға көмір экспорттаушы мемлекеттер арасында Моңғолия үшінші орында тұр - kaznews.mn  
null 

Өткен жылы Қытайға көмір экспорттаушы мемлекеттер арасында Моңғолия үшінші орынға жайғасты, деп жазады KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Қытайға көмір экспорттау жөнінде Аустралия көш басында тұр. Көмір экспортының көлемі 79,9 миллион тоннаға жетіп отыр. Бұл 2016 жылғы мәліметке салыстырғанда 13,4 пайызға артқан. Ал, екінші орын Индонезияға бұйырған. Бұл ел көршімізге 35,28 миллион тонна көмірін экспорттаған. Бұған дейін Солтүстік Корея көршімізге шамамен 20 миллион тонна көмір экспорттап келген. Алайда, Солтүстік Кореяға салынған халқаралық санкция салдарынан 20 миллион тонна көмірдің орыны босап қалды. Бұған байланысты Қытай импортында Ресей Федерациясы мен Моңғолияның көмірінің үлесі арта түскен. Моңғолия 33,5 миллион тонна көмірін Қытайға экспорттаған. Бұл 2016 жылға салыстырғанда 27 пайызға артық. Көмір экспортынан  түскен пайда 2,2 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Ресей Федерациясы Қытайға өткен жылы 25,3 миллион тонна көмірін экспорттаған», - деп жазады аталған БАҚ.

Шыңжаңда  алғаш рет  жүрек алмастыру отасын жасатқан адам 15 жылдығын мерекеледі -  «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы
null

Шыңжаңда алғаш рет жүрек алмастыру отасын жасатқан 54 жастағы Ли Чиңрын Үрімжі қаласындағы Халық ауруханасындағы дәргерлермен бірге жүрек алмастырғанына 15 жыл толғанын атап өтті, деп хабарлайды kazak.ts.cn порталы.

«ҚХР Іле-қазақ автономиялық облысы, Алтай қаласы, Шеміршек ауылының тұрғыны 38 жастағы Ли Чиңрын 2003 жылы Үрімжі қаласындағы Өлкелік Халық ауруханасында жүрек алмастыру отасын жасатқан.  Ол сол уақыттардан бері  өзіне ота жасалған 4-ші наурыз күнін туған күні ретінде мерекелеуді дәстүрге айналдырған. Жыл сайын аурухана дәргерлері Ли Чиңрынның туған күнін құттықтап, бірге тойлап келеді. Сондай-ақ аурухана ұжымындағы 4 мыңнан астам қызметкер, әр айдағы еңбекақысынан 2 юаньнан ақша бөліп, оның тұрмысына,  дәрі-дәрмегіне қажетті қаржыны да жинап беріп жүр», - деп жазады аталған дереккөз.

Дональд Трамп пен Ким Чен Ын мамыр айының аяғына дейін кездеседі - ТРТ   
null 

Америка Құрама Штаттар президенті Дональд Трамптың Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ынның кездесуге шақыруын қабылдады және екі лидер мамыр айы аяғына дейін кездесетіні айтылуда,   деп хабарлайды Түркия Радио Теледидар порталы.

«Оңтүстік Корея Ұлттық Қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Chung Eui-Yong АҚШ лауазымдарымен кездескеннен кейін Ақ Үйде баспасөз жиналыс өткізді. Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ынның АҚШ президенті Дональд Трампқа жіберген хатын меңзеген Chung Eui-Yong «Президент Трамп түбегейлі түрде Корей түбегінің атомдық қарулардан тазалану мақсатына жету үшін ең кеш мамыр айының аяғына дейін Ким Чен Ынмен кездесетінін айтты» деп мәлім еткер. Ақ Үй мәлімдемешісі Сарах Сандерс те жасаған жазбаша мәлімдемесінде Трамп пен Кимнің кездесетінін растады», - деп жазады ТРТ порталы.

Қазақстандықтардың ең таңдаулы деп санайтын өнімін білесіз бе? - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)  
null 

«Open Asia Online» сайты Орта Азия елдерінен шығатын 20 түрлі таңдаулы өнімді саралап шыққан. Осы өнімдердің қатарында Қазақстанның қандай өнімдері аталғанын қарап  көрдік,  деп жазады қытайлық kazakcnr.com сайты. 

«1. «Рахат» АҚ өндірген шоколад. Қазақстанда жасалған шоколадты айтар болсаңыз, онда халықтың есіне алдымен «Рахаттың» өндірген шоколады  есіне түседі. Бұл Қазақстан туристерінің кәдесый етіп еліне ала кететін құнды затына айналған.

2. Қазақ тағамтану академиясының ғалымдары зерттеп ұсынған, «Амиран» компаниясы өндірген дәрумендер мен микроэлементтерге бай сиыр сүті. Бұл құнарлы сүтті нәрестелерге беруге де болады.

3. Қазақстан балмұздағы. Дәмі  тіл үйіретін Қазақстан балмұздақтары Кеңес одағы кезінен әйгілі.

4. «Лада» маркалы көлік. Бұл көліктерді қазақстандықтар кең пайдаланады.

5. «КазСпо-N» серіктестігінің «Zibroo» бренді. Zibroo маркалы спорт киімдер қазақстанның таңдаулы, сапалы өнімдері саналады», - деп жазады kazakcnr.com сайты.

Астанада Иран, Ресей мен Түркия Сыртқы істер министрлері бас қосады - «Фарс» ақпарат агенттігі  
null

Ресейдің Қазақстандағы елшілігі ИИР, Ресей және Түркия Сыртқы Істер министрлерінің 2018 жылы 16-шы наурыз күні Сирия жағдайын қарастыру үшін Қазақстанның елордасы Астана қаласында кездесіп, сұхбаттасатынын мәлімдеді, деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

«Mehr ақпарат агенттігінің ливандық Al Ahed News агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, ИИР, Ресей мен Түркия Сыртқы істер министрлерінің Астанадағы үшжақты кездесуі барысында Сирия өзгерістері, қақтығыс азайған аймақтар құру туралы келісім мен Шығыс Ғуте аймағында атысты тоқтату бітімі туралы қарар талқыланады. Сирия істері жөніндегі Астана келіссөздерінің сегізінші кезеңі 2017 жылы желтоқсанның 21-22 күндері өткізілген болатын. Бұл кезеңде Иран, Ресей мен Түркияны қамтитын атысты тоқтату бітіміне кепіл үш елден бөлек Сирия үкіметінің өкілі, осы ел үкіметінің оппозициясы мен БҰҰ, АҚШ және Иордания өкілдері бақылаушы ретінде қатысқан», - деп жазады parstoday.

Соңғы жаңалықтар