Ата-анасы мұнарадан секіріп кеткен ақтөбелік оқушыны апасы асырап алатын болды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы Қурайлы ауылында тұратын 7 жастағы Кристина Шустер кеше ата-анасынан айырылды. Енді оны апасы Алена Шустер бауырына баспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы Қурайлы ауылында тұрған Кристика Шустер кеше ауруханаға түсіп, оны өгей шешесі Әсел Дүйсенбаеваның оны ұрып-соққаны белгілі болды. Көз жанары қанталап, миы шайқалған оқушы үйіне қайта оралғысы келмейтінін, шкаф ішіне тығылып, аш отырғанын да айтқан болатын .  Сол күні кешке Владимир Шустер мен Әсел Дүйсенбаева ауыл шетіндегі биік мұнараға шығып, секіріп кеткен. Оқиға орнына жеткен полиция, жергілікті әкімдік, психологтар мен туған-туыстары оларды екі сағат бойы көндіре алмаған. Келіссөз нәтижесіз аяқталып, Шустер мен жүкті Дүйсенбаева оқиға орнында қаза болды . 

Қазіргі кезде қалалық білім бөлімінің қорғаншылық секторы зәбір көрген оқушымен сөйлесіп, оған апасы Алена Шустер қамқор болатынын айтқан. Оқушы бұл шешіммен келісіп отыр.

«Апасы Алена Шустер баланы асырап алу ұсынысымен шықты. Оның баланы бағып, тәрбиелеуге бар жағдайы келеді. А.Шустер тұрмыста, екі баласы бар. Қазір құжаттарын түгелдеп, жинап жатыр. Кристина Шустерге апасы туралы атқан кезде, ол қарсы болмады. Қазір бала ауруханада. Шыққан соң бір ай кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында болады. Кейін бала апасымен бірге тұруы мүмкін», - деді қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ағырыс Шагирова.

Айта кетейік, қазір ауыл іші болған оқиғаны естіп, аң-таң болып отыр. «Кеше бізді мұнараға қарай жақындатпады. Олар мұнараның ортасында, шамамен 60-70 метр биіктікте отырды. Келіссөз жүріп жатқан соң түседі деп ойлаған едік. Алайда, бәрі қайғылы аяқталды. Бұл жерде әлеуметтік желіде жазылған түрлі сөздердің де ықпалы болды деп ойлаймын. Ол адамдар қоғамнан қысым көрген сияқты. Тәртіп сақшылары ұстаған соң бірден жібере салмау керек еді. Психологтар да жұмыс жасау керек еді. Екеуі де жас. Оларға уақтылы қолдау болмады», - деді №59 мектеп директорының орынбасары Гүлнар Дәулетқалиқызы. Мұнарадан секіріп кеткен Владимир Шустер 38, ал Әсел Дүйсенбаева 33 жаста болған. Екеуі Қурайлы ауылында көрші тұрып, 9 ай бұрын отбасын құрған. 

Соңғы жаңалықтар