Асыл дінімізбен үйлескен мереке бауырмалдық пен татулыққа үндейді - Бас мүфти

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шуақты көктемнің келгенін білдіретін наурыз - халқымыз үшін мерекелі һәм берекелі ай. Қыстан шығып, көңілі көлдей шалқыған көшпелі жұрттың тұрмысында ерекше орын алған ұлттық мейрамымыз осы айдың еншісінде.

Ұлыстың ұлы күнінде жасалатын ұлттық әдет-ғұрыптардың ұрпаққа берер тәрбиесі мен тағылымы мол. Асыл дінімізбен үйлескен ұлттық мерекеміз адамзат баласын бауырмалдық пен татулыққа, мейірбандық пен достыққа үндейді», - дейді Серікбай Ораз.

Бас мүфти дұғагөй әжелердің жасаған наурыз көжесі - мерекенің мәнін келтіретін нышан екенін айта келе, шын көңіл-ниетпен жасалып, ұсынылған ас адамдар арасында мейірімділік пен кешірімділік сынды асыл қасиеттерді қалыптастыратынын атап өткен. Бұл күні ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар ұйымдастырылады. «Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баланы атқа мінгізіп, садақ атуға, суда жүзуді үйретіп, күрестіруді өсиет еткен», - деді Мүфтият төрағасы

Сондай-ақ ол Наурыз мейрамы күндері сауапты амалдардың бірі ағаш отырғызу, көрші-қолаң, құда-жекжат, ағайын-туысты аралап, аман-саулық сұрасу, кешірім сұрау, қайырымдылық жасау екендігін айтады.

«Қадірлі бауырлар, баршаңызды ұлтымыздың ұлық мейрамы - Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Күллі түркі жұртының төл тойы - әз Наурыз еліміздегі түрлі ұлтты ұйымшылдыққа ұйыстырып, кешірім мен мейірімнің мерекесіне айналып келеді. Достық пен татулықтың, бауырмалдықтың, игілік һәм бірліктің, ізгілік пен ізеттіліктің мейрамы құтты болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын. Алла Тағала халқымызға әрқашан амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміз баянды болғай!», - делінген құттықтауда.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар