Астық тасымалдайтын вагондар порттарда қаңтарылып тұруға мәжбүр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ағымдағы жылдың 10 айында  6,7 млн тонна астық тасымалданды.  Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ-ның президенті Оралхан Құлақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылдың 10 айының ішінде өткен жылдың деңгейіндегі  6,7 млн тонна астық тасымалданды. Қазақстанның географиялық орналасуы мен көлік инфрақұрылымы айына  жаңа түсімнің 1,5 млн тоннасын тасымалдау көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл  1 млн тонна астық пен 300 мың тонна ұнды құрайды», - деді ол.

Оның айтуынша, түсімнің жақсы сапалық және сандық көрсеткіштері астық пен ұн экспорты құрылымының өзгеруіне ықпал етті. Италия, Түркия, Иран, Ауғанстан тәрізді алыс елдерге экспорт артты. Бұл өз кезегінде алысқа тасымалдаудың артуына және астық тасымалы тұтынушылық паркі мен жабық вагондардың көбеюіне себепші болды.

«Порттар бағытында астық тасымалдау күрт артты. Каспий мен Қара теңіз проттары бағытында өсім бар. Бұған қоса, порттардағы  бос терминалдардың болмауынан және кемелердің келмеуі салдарынан астық тасымалдайтын вагондардан астықты түсіру мерзімі ұзара түсті. Мәселен, 1 қарашадағы жағдайға сәйкес Ақтау портында - 1,5 мыңнан астам, Новороссийск портында 500-ден астам астық тасымалдайтын вагон тұрып қалды», - деді Құлақов.

Соңғы жаңалықтар