Астананың жаңа жылдық шыршасы қашан жағылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың жаңа жылдық бас шыршасы 18 желтоқсанда кешке жағылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы қала әкімі Әсет Исекешов өзінің Facebook -тегі парақшасында айтты.

«Еліміздің бас шыршасын жағуға келіңіздер! 18 желтоқсанда Астанада ЭКСПО көрмесі аумағында жаңа шыршаны жағу рәсімі өтеді»,- деп жазады қала әкімі.

Сонымен бірге, әкім мерекелік шара барысында «I'm a Singer Kazakhstan» жобасы финалистерінің жанды дауыстағы әндері шырқалатындығын жеткізді.

«Қонақ ретінде Ringo тобы өнерін көрсетеді! Жаппай коньки тебуге қатысып, түрлі ойындар, аниматорлар, фотоалаңдар және басқа да қызықтан құр қалмаңыздар. Іс-шараның басталу уақыты 19:00. Достарыңызды шақырыңыздар, сол жерде кездесейік», - дейді Исекешов.

Айта кетейік, бұған дейін Әсет Исекешов жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнінен соң басталатындығын айтқан болатын.

Жаңа жылды мерекелеу мақсатында шаһарда 25 жаңа жылдық шырша, 12 хоккей алаңы, 15 мұз айдыны, 10 мұз төмпешігі, 2 мұз қалашығы («Astana ЕХPO-2017» Ұлттық компанясы» АҚ аумағында және Астана қалалық әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда) бой көтереді. Бұған қоса 2 жарық панносы, 18 жарық иллюминациясы, 52 жарық иллюминациялық аркасы, 830 панель-кронштейн, 106 КСП, 5 көпір мен көлік жолайрығы орнатылатын болады. 3300 шағын және орта бизнес нысандарының қасбеті, 255 ағаш, 2 қала саябағы мен 1 гүлзар безендіріледі.

Соңғы жаңалықтар