Астананың жаңа теміржол вокзалы арқылы жүретін пойыздар белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың жаңа теміржол вокзалы арқылы жүретін пойыздар  тізімі бекітілді.

Бұл жайында «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Компания ақпаратына сәйкес, елорданың жаңа вокзал кешені 54 пойызға қызмет көрсетеді. Оның 22-сі «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы,  16-сы стандартты және тағы 16-сы қалааралық пойыздар.

«ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында Астанадан мына бағыттар бойынша қосымша пойыздар қатынайтын болады: «Астана-Маңғышлақ», «Астана-Атырау», «Астана-Шымкент», «Астана-Қостанай», «Маңғышлақ-Астана», «Тараз-Астана», «Орал-Астана», «Қарағанды-Астана». Қазіргі уақытта Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, жаңа вокзалға  дейін қоғамдық көліктерді, сонымен бірге жүрдек бағдарларды ұйымдастыру мәселесі қарастырылу үстінде»,-  делінген таратылған ақпаратта.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Астанадағы жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілетін нақты мерзімді атаған болатын . 

 «Елордадағы жаңа вокзал - өте маңызды нысан. Жаңа вокзал  бойынша құрылыс жұмыстарын сенбі күні қарап шықтық. Осы орайда 15 мамырға дейін құрылыс жұмыстары аяқталып, ЭКСПО-ның қарсаңында алғашқы жолаушыларды қабылдайды деп жоспарлап отырмыз», - деген еді  министр таяуда Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында.

Айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекте аяқталатын болады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Олар көрмені кемінде екі рет аралайды деп жоспарланған. Жалпы көрмені тамашалаушылардың 85 пайызын Қазақстан  азаматтары, ал қалған 15 пайызын шетелдіктер құрайды. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі ТМД елдері мен Қытайдан келетіні күтілуде. Қазіргі уақытта 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растап отыр.  

Осы жылдың наурыз айында Мәжілістің бұрынғы депутаты Тәңірберген Бердіоңғаров өзінің блогында жаңа теміржол вокзалының құрылыс барысы түсірілген видеоны жариялаған болатын.

Соңғы жаңалықтар