Астананың теміржол вокзалында жолаушылар АИТВ инфекциясына тексерілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы елорданың теміржол вокзалында жолаушыларды АИТВ-ға қарсы жедел тест сынамасынан өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС бойынша бірлескен бағдарламасы аясында 2017 жылғы 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес айлығы жарияланды. Дүниежүзілік науқан биыл «Денсаулыққа құқығың бар» ұранымен өтуде. Бұл шараны елорданың денсаулық сақтау саласы да қолдап, бір ай бойына қала тұрғындарымен түсіндірме-ақпараттық жұмыстарын жүргізетін болады. Сондай-ақ халықтың көптеп шоғырланған жерлерінде жедел тестілер ұйымдастыру жоспарлануда. Ауқымды іс-шаралардың алғашқысы Астанадағы теміржол вокзалында ұйымдастырылды», - делінген аталған орталық таратқан ақпаратта.

Шара барысында қала тұрғындары ғана емес, еліміздің әр өңіріне сапар шеккен кез келген жолаушы СПИД турасында мамандардан ақыл-кеңес алып, өз қалауларымен жедел тест сынамасын тапсырды. Шамамен 400-ге жуық адам шараға қатысып, оның 200-ге жуығы тест сынамасынан өтті.

Астана қалалық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Жанна Айтмағанбетқызының айтуынша, соңғы жылдары АИТВ жұқпасын жұқтырушылардың дені жастар болып отыр. Сондықтан бұл шараға қатысушылардың арасында жастардың белсенділік танытуы мамандарды қуантқан.

«ЖИТС-ке қарсы күрес науқанында АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқығына, денсаулығына, медициналық қызметтердің қолжетімділігін ұлғайтуға көбірек көңіл бөлінуде. Сондықтанда біз орталық шеңберінде ғана емес, осылай тұрғындардың арасына жиі шығуды мақсат етудеміз», -  дейді ол.

Жедел тестіден өткендердің қатарында көрші елдердің азаматтары да болды. Солардың бірі Қырғызстан азаматшасы Әсия Жұмағалиева: «Жаңа сіздердің ақпарат тақтайшаларыңыздағы «СПИД» деген жазуды көргенде өзімді бір үрей биледі. Өзім де, жақындарымнан да бұл жұқпаны жұқтырғандар жоқ. Десе де, сақтанғанды сақтайды ғой. Шыны керек бүгінге дейін әр жерден атын естігенім болмаса оның жұғу жолдарын біле бермейді екенмін. Бүгін, міне, күтпеген жерден жедел тесттен өттім және дәрңгерлердің кеңесін тыңдадым.Онсыз да уақыттары өтпей, көліктерін күтіп отырған жолаушылар үшін тиімді болды деп ойлаймын. Мен сауда-саттықпен ары-бері көп жүріп тұрамын. Бірақ мұндай шараны бірінші рет көріп отырмын. Ұйымдастырушыларға рахмет», - деді.

Соңғы жаңалықтар