Астананың орыс драма театры халықаралық фестивальда өнер көрсетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры Сербияда І «Synergy#wtf» халықаралық театр фестиваліне қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Сербиялық көрерменнің назарына отандастарымыз өз репертуарындағы үздік спектакльдердің бірі - «Манкурт. Вечный раб» мистериясын ұсынды.

Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов романының желісімен қойылған мистериядағы рөлдерді М.Горький атындағы орыс драма театрының актерлары сомдады. Қоюшы режиссері - Барзу Абдураззаков. Қойылым астаналық театр директоры Еркін Қасеновтың жетекшілігімен Орталық Азия халықтарының театр өнерінің даму деңгейін көрсетті.

Қойылым барысында серб және ағылшын тілдерінде субтитрлер жазылғандықтан залда отырған көрермендер үшін қойылымның философиясы түсінікті болды.

Спектакль басталмас бұрын астаналық театр келушілердің назарына көрме ұйымдастырды. Шара кезінде театрдың тарихы туралы айтылып, Ақмола қаласының сирек кездесетін алғашқы суреттері мен қазіргі Астананың көріністері келушілердің назарына ұсынылды. Көрме барысында жас Астана туралы әндер шырқалып, қазақ халқының күйлері ойналды.

Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы «Манкурт. Вечный раб» қойылымы сербиялық көрерменнің жүрегін жаулап, фестивальді ұйымдастырушылар мен келушілердің көңілінен шықты деп хабарлады.

Сербиялық тарап астаналық театрдың фестивальге қатысуына көп көмек көрсеткенін айта кету керек. Олар спектакльге қажетті декорацияларды әзірлеген.

«Горький атындағы театрдың Сербияға келуін тағатсыздана күттік. Бағдарламада ұсынылған спектакль фестивальді ұйымдастырушылардың қызығушылығын оятты. Қазіргі заманғы театр өз халқының ғана емес, сонымен қатар әлемдік драматургияның да мәдени жетістіктерін паш етеді. Ал театрлардың дамуы мен ынтымақтастығы - бұл мемлекеттердің өзара ынтымақтастығының нәтижесі», - деді «Synergy #wtf» фестивалінің директоры Валентил Венцел.

Айта кетейік, фестиваль бір аптаға жалғасты, оған Венгрия, Румыния, Македония, Қазақстан және Сербия мемлекеттерінен театр ұжымдары қатысты. Шара аясында өнерпаздар симпозиумдар өткізіп, тәжірибе алмасып, алдағы театр маусымына арналған жоспарларымен бөлісті.

Соңғы жаңалықтар