Астананың дөнер жасайтын нысандары қаншалықты қауіпсіз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дөнер жасайтын нысандар тәуекел деңгейі жоғары саналмайды. Сондықтан оларға қатысты тексеру жүргізілмейді. Бұл жайында ҚазАқпараттың ресми сауалына орай Астана қалалық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.

Елорданың ТЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғаныс полковнигі Мейрамбек Қайсановтың жауабына сәйкес, ҚР Кәсіпкерлік кодексінде мұндай норма бар. Сонымен бірге департамент тамақ дайындауда газ баллонын пайдаланатын нысандарға да есеп жүргізбейді.

«Дегенмен 2012 жылдың 9 қаңтарындағы № 532-IV «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының 7 бабы 6-1 тармағының тармақшаларына сәйкес тұрмыстық баллондар мен газбен жабдықтау нысандары жүйесін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады», - деп нақтылайды ТЖД.

Естеріңізге сала кетсек, қарашаның соңында Астанада дөнер жасайтын нысанда газ баллоны жарылып, 40 шаршы метр аумақ өртке оранған еді. Сәл кейінірек, осы факті бойынша қылмыстық іс те қозғалды.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, газ баллонының жарылу фактісі көбіне жеке тұрғын үй секторында тіркеледі. Дегенмен, 2 рет құрылыс нысанында және 2 рет дөнер жасайтын жерде газ баллоны жарылған еді.

ҚазАқпаратқа қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан хабарлағандай, бүгінгі күні Астанада «1000 орын» бағдарламасы аясында тез тағам дайындау нысанына 120 рұқсат берілген.

«Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 мамырындағы «Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық маңызы бар нысандарды бекіту туралы» бұйрығына сәйкес 50-ден астам орыны бар азық-түлік тағамдарын шығаратын, қайта өңдейтін және сататын нысандарға мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізіледі», - делінген  басқарма жауабында.

Соңғы жаңалықтар