Астананың 20 жылдығына орай үздік түрік фильмдері көрсетіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы 2017 жылы Астана көрермендеріне бір жыл бойы «Айлық түрік фильмдері күні» шарасы аясында үздік түрік кинотуындыларын ұсынған болатын. Бұл көрсетілімдер Астана ЭКСПО 2017 шарасына арналған еді. Осы шара 2018 жылы да жалғасын таппақ. Биылғы көрсетілімдер бауырлас Қазақстанның бас қаласы Астананың 20 жылдығына орайластырылуда. 

«Астана қазіргі күнде тек әкімшілік-басқару орталығы ғана емес, мәдениет пен өнері де қарыштап дамып келе жатқан әлемдік деңгейдегі қалаға айналып үлгірді. Осы орайда Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы екі бауырлас ел арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен үздік түрік туындыларды көрермендерге тарту етпек», - делінген мәдениет орталығының таратқан баспасөз баянында.
2018 жылы Астаналық көрерменнің көзайымына айналған «120», «Көбелектің түсі», «Соңғы хат» сияқты фильмдермен қоса жаңа кинотуындылар да көрсетілетін болады. Солардың бірі - танымал түрік жазушы Саит Фаик Абасияныктың «Күнкөріс қайығы» атты романының желісімен түсірілген «Екеумізге бір әлем» фильмі.
Драмалық фильм «Атаденизфильм» тарапынан 2016 жылы Бургазада атты аралда түсірілген. Режиссері - Йылмаз Атадениз, сценариін жазған - Сафа Өнал мен Саит Фаик Абасиянык. Басты рөлді Эркан Мерич пен Йагмур Айдан сомдайды.
Картинадағы оқиға зейнеткер Әли Рызаның, шаштараз қызы Мелек және қайықпен балық аулап күн көріп жүрген ұлы Хикметтің, шаштараз Кир Дмитрийдің маңайында өрбиді. Хикмет - Әли Рызаның асырап алған ұлы. Мелек оған туған ағасы ретінде қарайды, ал Хикметтің сезімі басқаша... Мелектің өмірі Бургазадаға Фахри келген соң түбегейлі өзгереді. Шектен шыққан қатал әке Әли Рыза мен қызы Мелектің араларындағы қақтығыстың соңы немен аяқталмақ, Хикметтің ешкім білмейтін сыры не?
Фильмді Астана тұрғындары мен қонақтары 31 наурыз күні Керуен орталығындағы Кинопарк залынан тамашалай алады.

Соңғы жаңалықтар