Астананың 20 жылдығына келетін әлемдік театр ұжымдары белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың 20 жылдығына байланысты ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестиваліне әлемдік деңгейдегі қандай театр ұжымдары келетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі аясында әлемдік театр ұжымдарының басқосуы - Елордаға жасаған театрлардың тартуы болғалы отыр. Атап айтқанда, «Piccolo Teatro di Milano» (Италия), «Schaubuhne» (Германия), «Meno Fortas» (Литва), «TRWarsawa» (Польша), Ш.Руставели атындағы Грузия мемлекеттік академиялық театры (Грузия), Қытай халық көркем театры (Қытай), Тадаси Сузуки-сан театры (Жапония) өнер ұжымдарының қазақ сахнасының төрінен табылуы - театр өнері тарихында айтулы оқиғалардың бірі болып қалмақ. Ағымдағы жылдың 17-30 маусым аралығында екінші рет өтетін дүниежүзілік мега жобаға әлемнің әр түкпірінен келетін кәсіби театртанушылар сахналық қойылымдарды тамашалайтын болады», - деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.

Министрліктен хабарлағандай, театр өнеріндегі кәсіби шығармашылық ынтымақтастықты, халықаралық қарым-қатынасты қолдау мақсатында өткізілетін фестивальге Еуропа мен Азияның танымал театр сыншылары, дарынды драматургтері, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысады.
«Фестиваль - Қазақстан, Еуропа және Азия елдерінің кәсіби театр ұжымдарының ең үздік қойылымдарын көпшілікке ұсынып ғана қоймай, өзге елдің озық мәдениетімен танысуға және ұлттық өнерді әлемдік кеңістікке танытуға зор мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Театр фестивалі ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігіне қарасты  "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен өткізілмек. Бірегей шара Астанадағы "Қазақстан" концерт залынан бастау алады.

Фото: fotokto.ru

Соңғы жаңалықтар