Астананы жаңбыр суынан құтқаратын кәріз нысаны салынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада су өткізу қабілеті екі есе жоғары тағы бір нөсерлік кәріз нысаны салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің медиа орталығына сілтеме жасап. 

Қала әкімі Әсет Исекешев Есіл өзенінің сол жағалауында салынып біткен нөсер суынан тазартатын ғимаратты барып көрді.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қалалық әкімдік табиғи сел мен нөсердің суынан қорғану үшін «Астана қаласындағы нөсерлік кәріздерінің жүйесін дамыту» жобасын сәтті түрде жүзеге асырып жатыр.

Жоба Астанадағы нөсерлік кәріз жүйесін дамыту жолдардың жабындысын, ғимараттар мен құрылыстардың негізі мен іргетасының сақталуын қамтамасыз етеді. Тазалайтын нысанның тәулігіне 19 590 текше метр (салыстырмалы түрде алсақ, бұл шамамен 4 мың жүзетін бассейн) суды өткізе алады.

Естеріңізге сала кетейік, жазда нөсер жаңбырдың суы елордалықтарды әбігерге салатын болатын. Себебі, сол жағалау жақта жауын-шашыннан артылған тасқын суды кәріз жүйесі реттеуге шамасы жетпеді әрі оған орын да қарастырылмаған болатын. Мемлекет басшысы жауын суының мәселесін шешуді тапсырған болатын.

Осыған байланысты, қала әкімдігі жауын суын тазарту және су тарту бойынша кешенді бағдарлама жасап шықты. Бағдарламада инновациялық технология мен техникалық шешімдермен бірге, ең үздік әлемдік тәжірибелер де ескерілді. 

2017 жылдың соңына дейін тазартатын ғимарат кешені пайдалануға беріліп, Тұран даңғылынан Сығанақ көшесінің қиылысына дейін және Есілден Кіші Талдыкөл өзеніне дейін су айдайтын коллектор іске қосылады.

Соңғы жаңалықтар