Астананы әлем аудиториясы білуі тиіс - National Geographic телеарнасы

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін National Geographic телеарнасы түсірген «Мегағимараттар: Астана - болашақтың қаласы» деректі фильмінің әлемдік тұсаукесері өтеді.

Әлемнің үздік ғимараттарының тарихы баяндалатын бұл бағдарламада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің басты нысаны - «Нұр Әлем» сферасы түсірілуі тиіс болатын. Бірақ, қала көркінен шабыт алған түсірілім тобы бір ғимараттың ғана емес, ен далада бой көтерген тұтас Астананың қалыптасу тарихын бейнелеуді ұйғарған. Осы орайда «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі фильмнің түсіріліміне өлшеусіз үлес қосқан National Geographic Partners, Еуропа-Африка бөлімінің атқарушы вице-президенті Дебора Армстронгпен және телеарнаның атқарушы продюсері Иван Бусомен жүргізілген сұхбатты назарларыңызға ұсынады.
null 

- Астана туралы фильм түсіру идеясы қалай пайда болды?

Д.Армстронг: National Geographic арнасында «Мегағимараттар» атты бағдарлама бар. Онда әлемнің ең атақты ғимараттарының құрылыс тарихы баяндалады, жаңа инженерлік шешімдер мен технологиялық инновациялар көрсетіледі. Астана да ерекше үлгідегі ғимараттарымен танылып келе жатқан ғажайып қала, сондықтан Жер бетіндегі ең үлкен сфера деп аталып жүрген ЭКСПО-2017 көрмесіндегі «Нұр Әлем» сферасын «Мегағимараттар» бағдарламасына түсіруді ұйғардық.

- Астана туралы қайдан естідіңіздер және мұның ЭКСПО-ға қатысы бар ма?

Д.Армстронг: ЭКСПО-ға дейін де Қазақстан туралы естігенбіз. Біздің телеарна Қазақстанның табиғаты, көшпелі өмір салтының тарихы бойынша бірқатар түсірілім жұмыстарын жүргізген. Астанаға келгенде де қаланың архитектурасын, Фостер тұрғызған ғимараттарды өз көзіммен көріп, таңданысымды жасыра алмадым. Жаңалыққа жаны құмар кез келген саяхатшы мұндай ғажап қаланы өз көзімен көруі тиіс.

И.Бусо: Деректі фильм түсірерде біз адамдарға шабыт сыйлайтын, олар бұрын-соңды естіп көрмеген ерекше тарихи деректерді іздейміз. Қазақстанда мұндай фактілер өте көп. Мәселен, адамзат тарихында алғаш рет қазақ жерінде жылқы қолға үйретілді, шетсіз-шексіз ғарыш әлеміне ең алғашқы зымыран Байқоңырдан ұшырылды. 2011 жылы әлемдегі ең үлкен шатыр болып саналатын «Хан Шатыр» туралы «Мегағимараттар» бағдарламасын түсіргенбіз, оның рейтингі жоғары болды, көрермендерге қатты ұнады.

Д.Армстронг: Жалпы, біздің аудитория ғылым, мәдениет және инженерлік өнер тақырыптарын жақсы көреді. Инженерия, ғылым және мәдениеттің қосындысы - ең табысты формат.
null  

Келесі сұрақ Иван мырзаға: ЭКСПО-мен танысу қалай өрбіді? «Нұр Әлемді»  қандай танымал ғимараттармен теңестіре алар едіңіз?

И.Бусо: «Нұр Әлем» туралы алғаш естігенде сеніңкіремедім. Тұтас сфераны шынымен жабу мүмкін емес деп ойладым. «Нұр Әлем» сферасынан бастап, бүкіл Астананың тарихына үңіле бастадым. Күрделі ауа райы жағдайына қарамастан, 20 жылда қазақстандықтар ғажап қала тұрғызды. Мұнымен олар мақтануы тиіс. Осылайша, біздің деректі фильмде бір ғана «Нұр Әлем» емес, тұтас Астананың тарихы тізбектелді. Әлемдік аудиторияға қала туралы айтуға асықтық. Біздің бағдарламалар әлемнің 170 еліне таралады және осы бағдарлама арқылы әлем тұрғындары Қазақстанды өзге қырынан танитын болады.

«Нұр Әлемді» Әбу Дабидегі мұнарамен немесе Дубайдағы Бурдж-Халифамен теңестіруге болады. Дегенмен, бұлар - әдеттегідей биік зәулім ғимараттар болып саналады. Ал «Нұр Әлем» - әлемдегі тұңғыш толық сфера және турбиналар орнатылған энергия көзі. Астанадағы түсірілім жұмыстарын сәуір айында жүргіздік және сол уақытта сфераның соңғы шынысы орнатылып жатқан тарихи сәтті түсіріп үлгердік. Түсінесіз бе, әлемдегі тұңғыш сфераның соңғы шынысы орнатылған сәт, құрылысшылар жарты сантиметрге қателессе, тұтас сфера қирауы мүмкін. Қуанышымызға орай, барлығы сәтті аяқталды, нағыз есте қаларлық кадрлар түсірдік.

- «Мегағимараттар: Астана - болашақтың қаласы» фильмнің түсіріліміне ҚР Президентінің қатысқанын білеміз. Түсірілім процесі қалай өтті, келіссөздер жүргізу қиынға соқпады ма?

И.Бусо: Мен бұл аймақта бірнеше жоба түсіргенмін, сондықтан мұнда жұмыс істеудің, түсірілім жүргізудің едәуір қиын екенін білемін. Бірақ, Қазақстанда барлығы біз ойлағаннан оңай болды. Барлық нысандарды түсіруге рұқсат берілді. Президент түсірілімге қуана келісті, оның тығыз жұмысына қарамастан, уақыт тауып, бізге сұхбат беруі - біз үшін үлкен мәртебе.

Сұхбат барысында Президенттің қарапайымдылығына таң қалдым. Жұмыс бабымен бірнеше президентпен кездестім, олар өздерін басқаша ұстайды. Олармен арада бір бөгеттің тұрғанын сезетінмін. Қазақстан Президенті түсірілімде барынша ашық болуға тырысты, Астана туралы айтқанда көздері ерекше жайнап кетті. Оның жүзінен Астана үшін үлкен мақтаныш сезімді және қазақ халқының қонақжайлылығын аңғардым. Біз де фильмде Президенттің өте қарапайым адам екенін, арада ешқандай бөгеттің жоқ екенін көрсетуге тырыстық.
null  

- Түсірілімге қанша адам қатысты? Қандай техникалар қолданылды?

И.Бусо: Қызықты кадрлар түсіру үшін және көрермендерді тәнті ету үшін National Geographic арнасы су астында да, ғарышта да, жер бетінде де үнемі соңғы заманауи техникаларды қолданады. Астанадағы түсірілім жұмыстарына шыққанына бір апта ғана болған соңғы үлгідегі дрон сатып алдық. Сондықтан, жаңа дронның кей тұстарын түсінбей, нұсқаулықты оқып жүруге мәжбүр болдық.

Әдетте, деректі фильмдер түсірілімінде 5-6 адамнан тұратын кішігірім команда жұмыс істейді. Бірақ олардың әрқайсысы оркестр дирижері тәріздес, әрбірі үш адамның міндетін атқарады. Монтаждау сәтінде кейбір ұтымды кадрларды көріп, «Мынаны шынымен біз түсірдік пе?» деп өз жұмысымызға өзіміз таң қаламыз.
null 

- Аталған фильм эфирде қанша уақыт көрсетіледі?

Д.Армстронг: Фильмнің тұсаукесері негізгі National Geographic channel арнасында өтеді және Ұлыбритания, Италия, Испания, Польша, Сингапур, Үндістан секілді барлық Еуразия аумағындағы арналарда екі жыл бойы қайталанып көрсетіледі. Әзірге көрсетілімнің нақты саны белгісіз.

- Телеарнада қазақстандықтардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бар ма?

И.Бусо: Бүгінгі фильм түсіріліміне қазақстандықтардың үлкен көмек көрсеткенін атап өткім келеді. Сондай-ақ, телеарна есігі барлық мәдениет үшін, барлық адам үшін айқара ашық. Ең бастысы, үміткер талантты және жақсы адам болуы тиіс. Дәл осы қасиеттер біздің телеарнаға қабылдануға жол ашады. Қазір де әлемнің түпкір-түпкірінен жиналған әріптестеріммен бірге жұмыс істеп жүрмін.   

Д.Армстронг:National Geographic - жай ғана БАҚ емес, 1888 жылы Географиялық қоғам жанынан құрылған коммерциялық емес ұйым. National Geographic медиа бизнесінен түсетін табыстың 27 пайызы Ұлттық географиялық қоғамның бюджетіне аударылады.  Географиялық қоғам талантты ғалымдар мен зерттеушілерге, фотосуретшілерге және түрлі саладағы жаңалық ашушыларға арнайы гранттар бөліп келеді және 1888 жылдан бүгінге дейін 12 мыңнан астам грант бөлінген. Қоғамның интернет сайтында грант алу үшін құжат тапсыру талаптары жазылған. Грант арқылы келген қызметкерлер бүгінде телеарнаның толыққанды мүшесіне айналып, қызықты бағдарламалар түсіріп жүр. Яғни, кез келген тілек білдіруші өз бағын сынап көре алады.

- Сұхбат бергендеріңізге көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар