Астананы 100 пайыз жаңа автобуспен қамтамасыз ететін мерзім жария етілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қоғамдық көлікті тұрғындардың 33 пайызы ғана пайдаланады. Бүгін елордада «Астана қаласының көлік кешенінің даму үрдісі» атты конференцияда қала әкімі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.

«Қазіргі кезде Астанада тұрғындардың тек үштен бір бөлігі, яғни 33 пайызы ғана қоғамдық көлікті пайдаланады. Күн сайын қалада қоғамдық көлікпен 875 мың сапар жасалады. Сонымен қатар паркті барынша жаңғыртуды көздеп отырмыз. Бүгінде қоғамдық көлік паркі 1 140 автобусқа жетіп отыр, оның ішінде үштен бір бөлігі қазіргі заманғы «IVECO» автобустарымен қамтылған. Осы ретте паркті жаңарту 35 пайызға жетті. Аталған көрсеткішті 2017 жылдың соңына қарай 60 пайызға дейін жеткізу жоспарда бар. Ал алдағы 5 жылда барлық автобус паркін толықтай жаңартуды көздеп отырмыз», - деді қала әкімі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Әсет Исекешев жол желісін дамыту мен қайта жаңғырту жұмыстары аясында басымдық жаяу жүргіншілерге, велосипедшілерге және қоғамдық көліктерге берілетінін, тек содан кейінгі орында автокөліктер болатынын  қадап айтты.

«Бұл қадамдар әлемдік трендтерге сәйкес келеді. Әрине, бұл шаралар автомобильмен жүретін қалалықтардың наразылығын тудыратыны белгілі, алайда көліктік кешен қоғамдық игілік ретінде жоғарыда аталған басымдықтарды ескеруі тиіс», - деді Ә. Исекешев.

Соңғы жаңалықтар