Астаналықтарды балабақшаның онлайн-кезегіне тұруға үйретеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 10 сәуірінен бастап Астанада мемлекеттік балабақшаларға электронды жолдамаларды беру жұмысы басталды.

Осыған орай, қалалық білім беру басқармасы ашық есік күндері шарасын өткізіп, онлайн-кезекке тұруды кеңінен түсіндіруді көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2017 жылы балабақшаға топтау жұмыстарына қызығушылық білдіретін елордалық тұрғындардың назарына! 2017 жылғы 1-8 сәуір аралығында сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін Астананың үш алаңында - Оқушылар сарайында (Б. Момышұлы даңғылы, 5), М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында (Ә. Бөкейхан көшесі, 1) және №61 орта мектепте (Қарталы көшесі) мемлекеттік балабақшаларға, шағын орталықтарға және мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшаларға электронды жолдамаларды беру бойынша ата-аналардың барлық сауалдарына жауап беріледі», - делінген басқарманың ресми хабарламасында.

Осы орайда басқарма қала аумағындағы мемлекеттік балабақшалардағы бос орындары туралы ақпаратты да ұсынды. Оған сәйкес, 2015 жылы туған балалар үшін 1240 бос орын,  2014 жылы туғандар үшін - 2233,
2013 жылы туғандар үшін - 1340,  2012 жылы туғандар үшін - 1111, сондай-ақ 2011 жылы туғандар үшін 386 бос орын бар.
Жалпы, Астана қаласы бойынша 6310 балаға жолдама беру қарастырылған.

Айта кеткен жөн, 10 сәуірден бастап Астана қаласында мемлекеттік балабақшаларға жолдамалар www.astana.kz порталы арқылы электрондық түрде берілетін болады. Осыған байланысты, ата-аналарға 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін келесі әрекеттерді орындау керек:
1)   электрондық-сандық қолтаңбаны алу (ол үшін ХҚО «Азаматтарға арналған үкімет» КАҚ жүгіну қажет);
2)   өтінім берушінің электрондық-сандық қолтаңбасы (жеке кабинетке кіру) арқылы www.astana.kz жүйесінде тіркелу;
3)   өтінім берушінің жеке кабинетінде байланыс мәліметтерін көрсету немесе өзгерту (электрондық пошта, ұялы телефон нөмірі) қажет. Байланыс мәліметтері Сіздің кезегіңіз келгені жайлы хабардар ету (хабарлама, ескерту хат) үшін керек.  Жолдамалар кезекке сәйкес қолданыстағы балабақшалардағы бос орындарға беріледі. 

Орындарды бөлу жұмыстары аяқталған соң, кезектің жылжу барысын Астана қаласы әкімдігінің www.e.astana.kz ресми сайтынан қарауға болады. 
2017 жылғы 10 сәуірден бастап жұмыс тобы автоматтандыру мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын Қарталы көшесіндегі №61 мектепте жүргізеді. Қазіргі кезде ол жерде жеңілдікке ие азаматтар арасында балабақшаларға бос орындарды бөлу шаралары атқарылып жатыр. Аталған санатқа мүмкіндігі шектеулі жандар саналатын балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар, көп балалы отбасылардан шыққан балалар, әскери қызметшілердің балалары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, оның iшiнде қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердің балалары жатады.

Соңғы жаңалықтар