Астаналық студенттер «Мұңмен алысқан адам» атты қойылымды сәтті сахналады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Қазтұтынуодағының Сауда-экономикалық колледжінің «Мирас» студенттік театры танымал жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам» атты қойылымын сәтті сахналады.

Кездесу кешіне көрнекті ақындарымыз Несіпбек Айтұлы, Серік Тұрғынбекұлы, жазушылар Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, Толымбек Әбдірайым, журналист-қаламгер Шархан Қазығұл, ақын Нұрлан Қалқа, Л.Н. Гумилев атындағы ұлттық университетінің оқытушылары: филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек пен ЕҰУ-дың Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Аязби Бейсенқұлов, колледж ұжымы мен студенттер қауымы, т.б. өнерсүйер жұртшылық қатысты.

Алғаш рет сахнаға төріне шығып, бүгінгі күн тақырыбын қозғаған соқталы шығарманы сахналаған студенттер өнері көпшілікті сүйсінтті. Бұл шығармаға XX ғасырдың бас кезіндегі саяси жағдайға байланысты тағдыр тәлкегіне ұшырап, елден көшіп, Франция топырағынан бір-ақ шыққан қазақ отбасының тағдыр-талайы арқау болады. Сексеннің сеңгіріне шыққан Асан қарт туған жерін сағынып, тәуелсіз Қазақ еліне жеткенше асық. Ал балалары болса, оның өтінішін орындай қоймайды. Үлкен ұлы Марат бизнесін, жылы орнын тастап, өзіне бейтаныс өлкеге қоныс аударудан үзілді-кесілді бас тартады. Алайда, атасының жан-дүниесін терең түсінген Маржан болса, «қайтсем де әкемді туған жеріне апарамын» деп шешім қабылдайды. Бауырлар, әке және отбасы арасындағы тартыс шиеленісті, кейіпкерлер сөздері нанымды, оқиға мазмұнды, көрерменін бей-жай қалдыра алмайды. Себебі түсінікті. Атамекен, атажұрт дегенде қай қазақ баласы бей-жай қалсын. Бұл тақырып бүгінгі күні тіпті өзекті екені сөзсіз.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да туған жерді сүю, жас ұрпақтың бойына отаншылдық, патриоттық сезімдерді сіңіру әсіресе, зиялы қауымның парызы екендігі баса айтылғаны белгілі. Драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам» атты пьесасы да осындай өзектілігімен, шынайылығымен, көркемдігімен, соны сомдалған кейіпкерлер обзаразымен көңілімізден шықты.

Студенттер бұл туындының мән-маңызын терең түсініп, жан-дүниелерімен сезіне отырып, өте жоғары деңгейде орындап шыққаны қуантты. Олар кәсіби актерлер емес немесе өнер ордасында білім алып жүрген жоқ. Соның өзінде туған жерге деген іңкәрлік, туған топыраққа деген сүйіспеншілік бойларында бұғып жатқан асыл сезімдерін қозғап өткендей. Елбасының «..ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген көрегенділікпен айтқан даналық сөзіне көзіміз анық жетті. Шағын қойылымды орындау барысында студенттердің «ұлттық кодының» кілті ашылғандай болды десек, артық айтпағанымыз.

Қойылым аяқталған соң, Сауда-экономикалық колледжінің директоры Мырзабек Күжімов пьеса авторы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы мен режиссері, мәдениет қайраткері Сабыралы Кемелбаевқа ұжымы атынан алғысын айтты. Одан кейін жазушы Ж. Әлмашұлы, С. Тұрғынбекұлы, Н. Айтұлы, Р. Тұрысбек, т.б. сөз алып, қойылымның сәтті шыққанын атап өтіп, студент өнерпаздарға ризашылықтарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар