Астаналық оқушылар мектепке жету үшін биік қоршаудан секіруге мәжбүр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық №84 мектеп-лицейінің оқушылары білім ордасына жету үшін темір қоршаудан секіріп өтуге мәжбүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Facebook желісінде баласы №84 мектеп-лицейіне баратын ата-аналардың бірі Гүлсина Мұсағали өзекті мәселені ашына жазып, оған айғақ болатын бейнежазбаны жариялады. 

«Біз - «ЭКСПО бульвары» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымыз. Біздің балаларымыз дәл осылай мектепке барады!!! Жекеменшік аумақ дейтін шығарсыздар. Иә, сіздердікі дұрыс, ал бізге не істеу керек? Арнайы дайындалған жол бар дейсіздер. Бірақ ол үшін біз автобуспен екі аялдама жүріп, тағы сондай жолды жаяу жүруіміз керек. Алда қыс келе жатыр! Құрылыс жүріп жатқан жердегі BI Group-тың қоршауын жылжытып, жанармай бекетінің қоршауын алып тастауды және ол жерге асфальт төсеуді, балаларға қауіпсіз жол жасауды ұсынамын. Алдын ала алғыс білдіреміз және шұғыл іске кірісетіндеріңізге үміттенеміз", - деп жазды ол. 

Аталған жазба мен оған тіркелген видео әлеуметтік желіні шарлап кетті. Интернет-қолданушылар бұл жағдайға жаппай наразылықтарын білдіре бастады.

«Есіл» ауданы әкімінің аппараты Гүлсина Мұсағалидің өтінішін қарап, мектеп аумағына өз қызметкерлерін жіберген. 

«Аталған ескертпелерді ретке келтіру үшін жедел шаралар қабылданды. «Қазмұнайгазға» қатысты заңды бұзғаны үшін хаттама толтырылды және учаскелік инспектордың қатысуымен қоршау бұзылатын болады. Жол жасалатын орынға қиыршық тас төселді және жақын арада жарық тартылады», - деп жауап берді әлеуметтік желіге аудандық әкім аппаратының қызметкері Әсемгүл Төлепбергенова.

Соңғы жаңалықтар