Астаналық хирург балаларға тегін ота жасау үшін команда жасақтауда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жағдайы төмен отбасынан шыққан және ата-анасыз қалған балаларға тегін ота жасау үшін өз командасын жасақтап жүрген пластикалық хирург Мағзұм Оңғаров журналистермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шамамен, 3-4 сәуір күндері ота жасаймыз. Кішкентай науқасымыз 7 жаста. Оның бассүйегінің бет бөлігі қисық болып туған. Соны ретке келтіріп, мұрын шеміршегін орнатамыз және терідегі ақаулармен жұмыс істейміз», - деді хирург.

Еске сала кетсек, пластикалық хирург Мағзұм Оңғаров жағдайы төмен отбасынан шыққан және ата-анасыз қалған балаларға тегін ота жасайтын дәрігерлер тобын жасақтайтынын мәлімдеген болатын.

«Құрметті әріптестер! Еліміздегі жағдайы төмен отбасылардың өз баласының отасы үшін квотаға қол жеткізе алмайтынын бәріміз білеміз. Әсіресе, жетім балаларға қиын. Бұл біздің министрліктің кінәсі емес, бұл қаржыландыру мен бюрократизм мәселесі. Осыған орай біз әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тегін емдейтін, тегін ота жасай алатын кәсіби хирургтар, травматологтар, урологтар және өзге сала мамандарынан топ құрамыз», - делінген дәрігердің Фейсбуктегі парақшасында.

Сонымен бірге, М. Оңғаров отаға қажетті дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтарды, өзге қаладан келетін дәрігерлердің жол ақысы мен өзге де шығындарын өзі жұмыс істейтін клиниканың көтеретінін жеткізді.

«Баласы бар кез келген адам әлеуметтік тұрғыда белсенді болып, өзгелерге көмектесуі қажет деп есептеймін. Құрылтайшыға жағдайды айтқанымда, сөзсіз көмектесетіндерін жеткізді. Бір айда бірнеше балаға тегін ота жасау үшін қаражат бөлді», - дейді хирург.

Соңғы жаңалықтар