Астанаға келетін көгілдір отынның 1 текше метрі қанша теңге болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Сарыарқа» газ құбырымен келетін көгілдір отынның болжамды бағасын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізде тиісінше техникалық-экономикалық негіздеме бар. Газдың бағасы шамамен 47 теңге болуы мүмкін. Біздің жағдайымызда табиғи газ арзан болмайды. Өйткені, өздеріңізде білесіздер, көмір Қазақстанда, жалпы әлемде ең арзан отын саналады. Бірақ, қыс айларында көмір жағудың атмосфера ауасына қандай зиян келтіретін көріп жүрсіздер», - деп жауап берді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, «Сарыарқа» газ құбырының құрылысымен қатар Қарағанды, Ақмола облыстарының және Астана қаласының әкімдігі жергілікті газ желілерін салу жұмыстарын жүргізуі тиіс.

«Биылғы жылдың бірінші кезеңінде олар газ тарату желілерін салу мәселесін қарастырулары тиіс. Мәселен, елорданың бір шағын ауданына немесе су қайнататын қондырғыларға газ желілерін тарту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтаулары қажет», - деді ол.

Министрдің айтуынша, «Сарыарқа» газ құбырын Көкшетау, Петропавлға қарай созу болашақтың еншісіне қалады. Жалпы магистралды газ құбырын Астанаға дейін тартуға 267 млрд теңге қаражат жұмсалады. Жобалық-сметалық құжаттамасы мамыр айының соңында дайын болады. Ал маусым айының басында мемлекеттік сараптама енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар