Астанаға ағылған шетелдік еңбек мигранттарының 70 пайызы Өзбекстаннан келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өткен жылы 11 мыңға жуық шетелдік азамат уақтылы тіркелмегені үшін жауапқа тартылып, оның 1800-і өз еліне қайтарылған. Бұл туралы Астана қаласының ІІД көші-қон полициясы басқармасының басшысы Еркетай Тұтқышев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астанадағы миграциялық Халыққа қызмет көрсету орталығының ашылу салтанатында тілшілермен сұхбаттасқан Еркетай Тұтқышев орталықтың тың форматтағы жұмысы шетелдік еңбек мигранттарына өте ыңғайлы қызмет ұсынатынын айтады.

«Мұнда бірінші қабатта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері халыққа қызмет көрсетеді. Ғимараттың екінші қабатта көші-қон полициясының жеке құрамы орналасты. Біз мұнда мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің 10 түрін: шетелдік азаматтарды тіркеу, виза беру мен оны ұзарту, азаматтық алу секілді қызметтерді ұсынамыз. Мұндағы бірінші қабаттағы мемлекеттік корпорацияның қызметкері еңбек мигрантының құжаттарын қабылдайды. Одан кейін шетелдік азамат қылмыстық полиция қызметкерлерінің тексеруі мен медициналық тексеруден өтіп, жинақ кассасында ақшасын төлегеннен кейін бар-жоғы 1 сағаттың ішінде осында еңбек етуге рұқсат алады», - дейді Еркетай Тұтқышев.

Оның айтуынша, бұл процедуралар үшін бұрын мигранттар салық органына және медициналық мекемелерге барып, үштен бес күнге дейінгі уақыттарын жоғалтатын. Бүгінгі күні шетелдіктердің осында еңбек етуге рұқсат алу мәселесі бірыңғай орталықта шешілетін болды.

Миграция бөлімдері бұрын азаматтарды Ішкі істер органдары мекемесінде қабылдаған. Енді осында жұмыс таңертеңгі сағат тоғыздан кешкі алты жарымға дейін үзіліссіз қабылдаймыз. Демек, бір сөзбен әуежай арқылы Астанаға ұшып жеткен шетелдік азамат бірден Астанадағы миграциялық ХҚКО-ға келіп, бір сағаттың ішінде мәселесін шешіп ала алады.

«Заңсыз жүретіндер де бар. Оларға қатысты құрылыс нысандарын, асханаларды тексеріп, заңсыз жүрген шетелдіктерді жауапқа тартып жатырмыз. Былтыр 42 мың еңбек мигрантын тіркеп, жұмыс істеуге рұқсат бердік. 2017 жылы 11 мыңға жуық шетелдік азамат уақтылы тіркелмегені үшін жауапқа тартылды. Оның ішінде 1800-і сот шешімі бойынша өз елдеріне қайтарылды. Еңбек мигранттарының 70 пайызы Өзбекстаннан келеді», - дейді Еркетай Тұтқышев.

Соңғы жаңалықтар