Астанадағы жауын-шашын коммуналдық қызметтерді әбігерге салуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың коммуналдық қызметтері жауын-шашынға байланысты күшейтілген жұмыс режіміне көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

"Қала аумағында 3 120 текше метр еріген қар суы сорғымен алынды және 7 070 текше метр қар шығарылды. Жаңбыр суы ағатын жүйелердің 346 торы тазаланып, жуылды. Халық көп жиналатын 143 нысанда қардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ су тасқынына қарсы шаралар аясында қала аудандарындағы жеке секторлардан қар шығару жұмыстары жалғасуда", - делінген елорда әкімдігінің хабарламасында.



Айта кетейік, Астанада су тасқынына дайындық жұмыстарының басталғанына біраз уақыт болды. Елорда әкімі су тасқынына қарсы шаралардың кешенді жоспарын бекіткен еді. Жоспар 202 тармақтан тұрады және оларға жауапты ретінде әкімдіктің 22 құрылымдық бөлімшесі, 8 министрлік органы мен бөлімшелері және 2 коммуналдық кәсіпорын белгіленген.

"Астана мониторинг және жедел әрекет ету орталығының қаладағы қар тазалаудың сапасын бақылауының арқасында коммуналдық қызметтер қала аумағынан және тұрғын үй алаптарынан қарды уақытылы шығаруда. Рұқсат етілмеген жерде қар үйіндісін көрсеңіз, Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының 109 нөміріне хабарласыңыз немесе Facebook, Instagram желілерінде #astana109 хэштегімен жазба қалдырыңыз", - делінен қала әкімдігінің сайтында.

Еске салайық, «Қазгидромет» РМК 5-7 наурыз күндері аралығында Қазақстаның бірқатар өңірінде, соның ішінде Ақмола облысының аумағында күн райының бұзылуына орай ескерту жариялаған болатын.

Бүгін Астана қаласында ауа температурасы күндіз +3..+5 градусқа дейін жылынды. Күшті жел соғып, жаңбыр жауды. Барлық мектептерде 1-11 сынып аралығында сабақтар тоқтатылды. Сондай-ақ көктайғақ пен қатты желге байланысты Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары аумағында көліктің барлық түрлері үшін бүкіл бағытта жолдар жабылды.

«Қазгидрометтің» болжауынша, ертең, 7 наурыз күні елордада күндіз -8..-10, түнде -11..-13 градусқа дейін суытады, қар жауады. 

Фото Астана әкімдігінің сайтынан алынды 

Соңғы жаңалықтар