Астанадағы сауда сөрелерінен генетикалық түрлендірілген өнімдер анықталды - ДСМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың сауда сөрелерінен генетикалық түрлендірілген өнімдер анықталды, деп хабарлайды Қазақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті тексеру қорытындысы бойынша америкалық өндірушілердің бірқатар өнімдерінде генетикалық түрлендірілген соя мен жүгері генінің сандық мөлшерінің (1,1-ден 38,7 пайызға) артқанын анықтады.

Белгілі болғандай, барлық тағам өнімдері АҚШ-та өндіріліп, әкелінген. Бұл ретте тұтыну қаптамасында көрсетілген өнімдердің құрамындағы гендік-түрлендірілген ингредиенттер туралы ақпарат жоқ.

«Осылайша, «Pancake&Waffle» MIX Shop Rite» өндірушісінің құймаққа, вафлиге арналған қоспаларын, «Bread Crumbs ITALIAN STYLE» with Shop Rite» және «Bread Crumbs PLAIN Shop Rite» өндірушісінің ірімшік қосылған кепкен нан ұнтағын анықтау, сондай-ақ айналымнан алу бойынша шаралар қабылдануда.

Бұдан бөлек,  «Kellog Company» өндірушісінің «Kelloyy's Fan Pak» құрғақ таңғы асы және «IRVINE» өндірушісінің «Maruchan Ramen Noodle Soup Oriental flavor», «Maruchan Ramen Noodle Soup Shrimp flavor» «Maruchan Ramen Chicken Tortilla flavor» сияқты тез дайындалатын кеспенің үш түрі айналымнан шығарылады», - деп атап өтілген таратылған мәліметте.

Аталған өнімдер тағам қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу барысында Астана қаласындағы «Рамстор» және «Galmart» супермаркеттерінен бақылау түрінде сатып алуы кезінде анықталған. Сонымен қатар Комитеттің барлық аумақтық органдарына көрсетілген өнімдерді анықтау үшін шаралар қабылдау әрі оларды айналымнан алып тастау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Айта кетейік, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 6-бабына сәйкес, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тамақ өнімдерінің анықталғаны туралы тұтынушыларды ақпараттандыруға міндетті.

Естеріңізге сала кетейік,азық-түлік өнімдеріндегі ГТО-ның рұқсат етілген нормасы 0,9 пайыздан аспайды. Белгіленген талаптарға, оның ішінде Алиментариус Кодексінің халықаралық тағамдық стандарттарына сәйкес, құрамындағы ГТО 0,9 пайыздан асатын тағам өнімі міндетті таңбалануға жатады.

Соңғы жаңалықтар