Астанадағы мемлекеттік балабақшаларда ақылы қызметтер енгізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 2 сәуірінен бастап елорданың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ақылы қызметтер енгізіледі. Бұл туралы бүгін Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мектепке дейінгі ұйымдарда ақылы қызметтер енгізіледі. Бұл ретте, аталған қызметтер ата-аналардың өтініші бойынша енгізіліп отырғанын атап өткен жөн. Қазіргі дейін регламентке сәйкес мемлекетке дейінгі ұйымдар ақылы қызметтерді көрсете алмайтын. Соған байланысты ата-аналар ақылы қызметтерді жеке орталықтардан алып келді. Ал бұл, барлық уақытта қолайлы емес. Яғни, ондай орталықтарды табу, балабақшадан баланы алып бару сияқты қолайсыздықтар болды. Сонымен қаттар ата-аналар жұмыстан уақытылы шыға алмай, сағат 18.00-де баласын алып кетуге келе алмайтын. Сол себепті ата-аналардың басым көпшілігі бұл бағытта да ақылы қызметті енгізуді өтінген еді», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, аталған мәселелер жан-жақты талқыланғаннан кейін қажетті нормалар заңды түрде енгізіліп, мектепке дейінгі ұйымдарға ақылы қызметтер көрсету мүмкіншілігі берілді. Аталған ақылы қызметтер 2018 жылдың 2 сәуірінен бастап енгізіледі.

«Шетел тілі, би, карате, йога сынды спорт үйірмелерін ата-аналар балабақша меңгерушісімен ақылдаса отырып ақылы қызмет ретінде  ұйымдастыра алады. Аталған үйірмелердің бағасы регламенттелген. Айына 1500-ден 4500 теңгеге дейінгі аралықта болады. Меніңше, қолжетімді қаражат деп ойлаймын. Мәселен, хореография айына 1500 теңге, шетел тілі 2500 теңге болса, ең қымбаты йога сынды спорт үйірмесі шамамен 4500 теңге болады. Өйткені, оған маманданған жаттықтырушы, құрал-жабдықтар қажет», - деді Әнуар Жанғозин.

Басқарма басшысының айтуынша, сағат 18.00-ден кейін перзентті балабақшада қалдыру құны сағатына 150 теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар