Астанадағы мемаудиторлар ісі: «Қазақавтожол» басшылары пара бергендерін мойындады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Есеп комитетінің екі мемлекеттік аудиторына қатысты өткен сот процесінде «Қазақавтожол» РМК тарапынан бес сотталушы пара бергендерін мойындады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астана қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 2017 жылдың 17 қазанында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің екі мемлекеттік аудиторы Б.Қопобаеваға, А.Жәңгірбаеваға және «Қазақавтожол» РМК басшылары мен басқарма жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс сотқа келіп түсті. Қылмыстық іс бойынша барлығы 9 адам заң алдында жауап беріп жатыр.

Айыптау тарапының пайымдауынша, Б.Қопобаева мен А.Жәңгірбаева 2016 жылдың қараша айында «Қазақавтожол» кәсіпорнына тексеру жүргізуді бастаған. Тексеру барысында бюджеттік және қаржылық заңнаманың бұзылғаны анықталады. Аталған бұзушылықтарға көз жұма қарау үшін олар «Қазақавтожол» басшылығынан 60 мың АҚШ доллар, яғни 20 миллион теңге талап еткен. Аудиторларға осылайша, 15 миллион теңге тапсырылған.

Бұдан кейін аталған қылмыстың барлық қатысушылары ұсталды.

Қылмыстық істі қарау барысында «Қазақавтожол» РМК бас директоры С.Мұқашев пен оның орынбасары Е.Шәмішевтен, басқарма басшылары К.Әжіғұловтан, Б.Елемесов пен кәсіпорынның Қарағанды облыстық филиалының директоры Г.Мұқановадан кінәні мойындау туралы процессуалдық келісімге келу бойынша өтінім келіп түскен.

Биылғы жылдың 14 қарашасында мемлекеттік айыптаушылар кінәні мойындау туралы бес сотталушымен жасалған процессуалдық келісімдердерді таныстырды. Олардың барлығы топтасып, алдын ала сөз байласып, ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 3-бөлігінің 1,2-тармақтарына сәйкес, ірі көлемде пара бергенін мойындаған. Аталған бап 7-ден 12 жылға дейін бас бостандықтан айыруды немесе пара сомасының 40 еселенген көлемін қайтаруды көздейді.

Процессуалдық келісімге сәйкес, Астана прокуратурасы ҚР ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін негізге ала отырып, (аталған қылмыстық бұзушылықта қарастырылған жазадан гөрі жеңіл жаза тағайындау) бес сотталушыға шартты түрде бас бостандығын шектеу түріндегі жеңіл жазаны тағайындауды сұрады. Нақтырақ айтқанда, С.Мұқашевке - 5 жыл, Е.Шәмішевке, - 4 жыл, К.Әжіғұловқа, Б.Елемесов пен Г.Мұқановқа 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындау сұралды.

24 қараша күні Астана қаласының Алматы аудандық №2 соты процессуалдық келісім бойынша сұралған жазамен келіспей, істі қайта прокуратураға қайтарды.

Еске сала кетсек, 20 желтоқсан күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның баспасөз қызметі Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің екі мемлекеттік аудиторы Б.Қопобаева мен А.Жәңгірбаева пара алды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын. Олармен бірге «Қазақавтожол» РМК басшылары да күдікке ілініп, аталғандардың барлығы уақытша оқшаулағышқа қамалды.

Соңғы жаңалықтар