Астанадағы халықаралық айтыстың бас жүлдесін Жандарбек Бұлғақов жеңіп алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың «Қазақстан» концерт залында өткен «Рух жаңғырығы» атты халықаралық ақындар айтысының бас жүлдесін Жандарбек Бұлғақов ұтып алды. Жеңімпазға «Hiunday» автокөлігі табысталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Халықаралық дәрежедегі айтыстың ұйымдастырылуына Халықаралық медицина орталығының басшысы Жасан Зекейұлы мұрындық болып отыр. Айтыс алдында демеушіге Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің алғыс хаты табыс етілді.

null 

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласына орай, ел рухының жаңғыруына қарлығаштың қанатымен су сепкендей үлесімді қоссам деп едім. Астанада үш жыл бойы айтыс өтпей қойып еді. Сондықтан керемет айтысқа сәрсенбінің сәтін таңдап отырмыз. Ақындарға сәттілік серік болсын», - деді Жасан Зекейұлы.

Халықаралық ақындар айтысын ақын Серік Құсанбаев жүргізді. Сөз додасына еліміздің түкпір-түкпірінен және Қытай, Моңғолиядан іріктелген 16 ақын, атап айтқанда: Есімжан Нақтыбайұлы, Ардабек Ақбаба, Арзыгүл Қайыңбекқызы, Мұрадым Мирланов, Айнұр Тұрсынбаева, Нұрлан Бектібаев, Қабдыжәлел Сахарияұлы, Мөлдір Айтбай, Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхан, Іңкәрбек Әділхан, Талғат Мықи, Фархат Маратұлы, Мұхамеджан Мансұров, Қуаныш Нұржанов, Әсет Дүйсебев келген. Ал төрешілер қауымының құрамында айтысқа елімізге белгілі Ғарифолла Есім, Оразгүл Асанғазықызы, Балғынбек Имашев, Өмірзақ Озғанбай, Гүлмира Кубашева, Қонысбай Әбілов, Дүкен Мәсімханұлы қатарлы танымал тұлғалар төрелік етті.

null null 

«Ұрыста тұрыс болмайды» демекші сахнаға бірінші болып Есімжан Нақтыбайұлы мен Іңкәрбек Әділхан шықты. Қос ақынның «Рухани код деген тіл мен дінің» және «Төрт бұрыш экранға байланғандар, төрдегі ата-анасын ұмытып жүр» дегендей түйдек-түйдек ойлары халықтың зор қошеметімен өз бағасын алды.

null null 

Екінші жұп болып шыққан Ардабек Ақбаба мен Нұрлан Бектібаев шаппа-шап айтыстың нағыз үлгісін көрсетті. Нұрланның «Нұрланып нұрын шашқан Нұрқалаға, Нұр үстіне нұр болып Нұрлан келді» дегені көрерменнің езуін тартқызса, Ардабек өз кезегінде «Ұлық боп кеткен ұлысы, Ұлықбек туған ауданнан» келгенін айтып көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Нұрланның Ардабектің бет-әлпетіне тиіскен әзілі де «Бұл заманда беті шұбар менен емес, тілі шұбар жандардан қорыққайсың» немесе «Өзге тілде сайрайтын бұлбұлдардан, өз тілінде сайрайтын қарға жақсы» дегендей ұтымды жауабы соңғы ақынның жеңісімен аяқталды.

null null 

Кештегі халықтың зор қошеметіне ие болған айтыстың үлгісін Айнұр Тұрсынбаева мен Сырым Әуезхан көрсетті. Әпке мен інінің әдемі әзілге құрылған айтысы көрермендерді ду күлдіргенін атап өтуге болады. Қос ақынның тартысты айтысын Айнұр «Желбіреп келген айтысқа, желкілдеп қайтшы тілегім» деп ұтымды түйіндеді. Аталған айтыста Сырым екі ұпаймен қарсыласынан басым түсті.

Айтыс барысында сонымен бірге, Әсет Дүйсебаев пен Талғат Мықидың, Жандарбек Бұлғақов пен Арзыгүл Қайыңбекқызының, Қабдыжәлел Сақарияұлы мен Фархад Маратұлының, Нұрлан Бектібаев пен Мұхамеджан Мансұровтың, Мұрадым Мирланов пен Мөлдір Айтбайдың айтысы көпшіліктің қошеметіне ие болды.

null null 

Айтыстың алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша, ақтық сайысқа Сырым Әуезхан мен Жандарбек Бұлғақов, Айнұр Тұрсынбаева мен Әсет Дүйсебаев шықты. Бірінші болып шыққан Сырым мен Жандарбектің тартысты сөз додасы қос ақынның ең жоғарғы 70 ұпай алуымен аяқталды. Екі ақын ел өміріндегі ең өзекті мәселелерді қозғағанын атап өту керек. Ақтық сайыстың екінші жұбында айтысқан Айнұр мен Әсет кезек-кезек сөз барымтасының үлгісі қандай болатынын таныта білді. Айнұр айтыс соңында Әсетке жол берді.

Халықаралық айтыстың нәтижесі бойынша жүлдеге ілікпеген алты ақынға ынталандыру сыйлығы ретінде 100 мың теңгеден табысталды. Сонымен бірге, жоғары ұпай алған тағы алты ақын 200 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Жүлделі үшінші орын Айнұр Тұрсынбаеваға (500 мың теңге) бұйырса, екінші орынға Әсет Дүйсебаев (700 мың теңге) ие болды. Халықаралық айтысты ұйымдастырып отырған Жасан Зекейұлы Әсетке сонымен бірге, 500 мың теңгелік арнайы «Жасай» сыйлығын табыстады. Жүлделі бірінші орын Сырымға бұйырып, оған 1 млн теңгенің сертификаты берілді. Бас жүлде - Жандарбек Бұлғақовта. Ел қошеметіне бөленген ақынға «Hiunday» автокөлігі табысталды.

null null 

«Жалпы Елбасының «Рухани жаңғыру» атты салиқалы мақаласында ұлттық рух, ұлттық мәдени құндылықтарымыз, оның ішіндегі салалы бағыттар бойынша келелі мәселелер көтерілді. Сол ұлттық бағытты темірқазық етіп, айтыс өткізіп жатқан Жасан ағамызға үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Ұлттық мәдениетті дәріптейтін өнер доласы көпшіліктің көңіліен шықты деген ойдамын», - деген ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Гүлмира Қуашева Жасан Зекейұлына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының алғыс хатын табыс етті.

null null null 

Соңғы жаңалықтар