Астанадағы бокс кеші: Қарсыластан қаймығатын мен емес – Жәнібек Әлімханұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 кыркүйек күні Астанада Қанат Ислам мен Брэндон Куктың жекпе-жегіне арналған бокс кеші өтеді. Кештің андеркартында шаршы алаңға шығатын боксшылардың бірі Жәнібек Әлімханұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында өз қарсыласы - бразилиялық Кармелито де Жезусті бетпе-бет бірінші рет көріп отырғанын айтты.

-         Жәнібек, ертең кешкісін айқас болады. Қобалжу бар ма?

-         Айтарлықтай қатты бір алаңдап, қобалжып жүргенім жоқ. Халық алдында рингке шықпағалы көп болды. Рингті сағынып қалған сияқтымын.

-         Ертеңгі айқасқа тас-түйін дайынмын дейсің ғой?!

-         Осы жекпе-жекке дайындалып, жаттығу жасағаныма біраз болды. Қазір нағыз бабымдамын. Қарсыласымнан қаймығайын деп тұрғаным жоқ.

-         Қарсыласыңмен бұрын-соңды кездестіңіздер ма?

-         Жоқ, бұрын мүлде танымайтынмын. Жүзін Астанаға келгенде ғана көрдім. Алайда, бразилиялық Кармелито де Жезуспен жұдырықтасатыным белгілі болғанда, оның кім екенін интернет желісінен білдім. Маған дейін өткізген барлық айқастарын жақсылап көріп шықтым.

-         Ертең кәсіби рингтегі екінші айқасың болады. Ал қарсыласың осыған дейін 23 кездесу өткізіп тастапты, оның 15-ін нокаутпен аяқтаған. Тәжірибесі жағынан басымырақ деп ойламайсың ба?

-         Оны ертеңгі шаршы алаң көрсетеді. Меннен бірнеше көйлек бұрын тоздырғанынан қорқып, сасатын мен емес. Кез келген қарсыласқа дайынмын.

-         Осы бокс кешінде сәтті өнер көрсетіп жатсаң, кәсіпқой бокстағы мансабыңды жалғастырасың ба?

-         Жоқ, Алла қаласа, биылғы ел біріншілігіне қатысып, Ұлттық құрамадағы орнымды сақтап қалғым келеді. Әуесқой бокста жүріп те, кәсіпқой боксқа із салуға болады ғой. Мен үшін бұл жекпе-жектер тәжірибе болмақ. Негізі, бокстағы жолымды бір өзім ғана шешпеймін. Кеңес беретін ағаларым бар. Оларға да құлақ асуым керек.

-         Әңгімеңізге рахмет! Біз де саған жеңіс тілейміз. Сәттілік болсын!

Соңғы жаңалықтар