Астанадағы айып тұрақтарында 30-дан астам қымбат джип тұр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы айып тұрақтарында 700-ге тарта көлік тұр. Бұл туралы «ҚазАқпаратқа» Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінен хабарланды.

«Астана қаласы бойынша Тілендиев көшесі мен Алаш тасжолында орналасқан екі коммуналды айыппұл тұрағы бар. Қазіргі уақытта бұл екі тұрақта 700-ге жуық көлік бар. Астана қаласының коммуналды айыппұл тұрағына көп жағдайда көлікті мас күйінде басқарған жүргізушілердің автомобильдері, құжаттары дұрыс емес және жол-көлік оқиғасына тап болған көліктер қойылады»,-дейді ІІД өкілдері.

Осы аптада жүргізілген есептеуге қарағанда, Астана қаласындағы айып тұрақтарында қымбат, жол талғамайтын 30-дан астам көлік тұр.

Айта кетейік, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, Қазақстан бойынша автокөліктердің 80 айып тұрақтары жұмыс істейді. Осы ретте Астана қаласында - 2, Алматы қаласында - 6, Ақмола облысында - 8, Ақтөбе облысында - 1, Алматы облысында - 9, Атырау облысында - 2, ШҚО - 4, Жамбыл облысында - 12, БҚО - 2, сондай-ақ Қарағанды облысында - 4, Қостанай облысында- 1, Қызылорда облысында - 7, Маңғыстау облысында - 4, Павлодар облысында - 4, СҚО - 1 және ОҚО-да - 13 айып тұрақтары бар.

Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес, ұсталған көлік құралын сақтау жергілікті атқарушы органдардың шешімімен құрылған және коммуналдық меншік болып табылатын арнайы алаңдарда немесе тұрақтарда жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар