Астанадағы айқастарына дайындалып жатқан боксшылар ашық жаттығу өткізбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылатын бокс кешінде жұдырықтасатын Қанат Ислам мен өзге де бірқатар боксшылар қазір Астанада жабық жаттығулар өткізіп  жатыр. Бұл туралы ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

«Қазір Астанадағы «Астана Арена» стадионында жабық жаттығу жасап жатырмыз. Жанымда 9 қыркүйек күні менімен бірге ел атынан шаршы алаңға шығатын бірқатар боксшы бар. Жаттығуымыз ойдағыдай өтуде. Спаринг қарсыластарымыз да жеткілікті. Бапкерлеріміздің нұсқауы бойынша барлық жоспарымыз біртіндеп іске асуда», - деп атап өтті Қанат Ислам.

Сондай-ақ ол ашық жаттығуын қашан өткізетінін айтып берді.

«Біздің жаттығып жатқан залымызға келіп, бокс кешіне дайындығымызды тамашалағысы келетін жанкүйерлеріміз өте көп. Олардың барлығы залда жүрсе жаттығуға кері әсерін тигізетін сәттер болады. Сондықтан маңызды айқасқа дайындалып жатқандықтан жабық есік аясында жаттығуды жөн санадық. Жанкүйерлеріміз түсіністікпен қарайды деген сенімдеміз. Ашық жаттығу жасайтын күндеріміз де алыс емес. Бұйырса тамыздың екінші жартысында жанкүйерлер ашық жаттығуымызды тамашалай алатын болады», - деді Ислам.

Еске салайық, 9 қыркүйек күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде бокс кеші өтіп, онда Қанат Ислам (24-0,19 КО) канадалық Брэндон Кукпен (18-0, 11КО) жұдырықтасады. Боксшылар бірінші орта салмақтағы IBF титулына үміткерлікке таласады. Осы жекпе-жектің андеркартында қазақстандық 8 боксшы өнер көрсетеді. Олар - Жанқош Тұраров (21-0, 15КО), Жәнібек Әлімханұлы (1-0, 1КО), Мейірім Нұрсұлтанов (3-0,2КО), Руслан Мырсатаев (3-0, 3КО), Әли Ахмедов (7-0,5КО), Айдос Ербосынұлы (6-0, 6КО), Димаш Ниязов (11-0-3, 5КО) және Нұрсұлтан Жаңабаев.

Соңғы жаңалықтар