Астанадағы адамдардың улануы: «Дастарқан» асханасы жұмыс істеп тұр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Достар» шағын ауданында орналасқан «Дастарқан» асханасы (Ғабит Мүсірепов көшесі соған келіп тіреледі - авт.) адамдардың улануы туралы шағымның түскенін растады. Алайда, үш ер адам, бір әйел мен екі баланың дәл сол жерден тамақ ішіп, улануын жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, бізге қоңырау шалып, уланғандары жайында айтқан. Ет пен саңырауқұлақ аралас ыстық тамақ жедік дейді. Алайда, дәл сол күні олар жеген тамақты басқа адамдар да жеген. Ешкім уланған жоқ қой. Бізге күнде келетін адамдар бар. Балалар да, жүкті әйелдер де келеді. Енді, үйден біреу уланса, адам бірден келіп айтпаушы ма еді? Бірақ сол күні ешкім келген жоқ. Мәселен, менің үйімде біреуі уланса, мен бірден келіп шағымданатын едім», -дейді асхана әкімшісі Амангүл Әкімбекова.

«Сол күнгі тамақты дәлел болсын деп, бірден тәркілеу керек дейсіз ғой? Әйтпесе, қазір ол тамақ қалмады...» деген сұрағымызға: «Мәселе онда емес. Ол тамақ бар ма, жоқ па. Бізде ондай тамақ күнде жасалады. Ет те, саңырауқұлақ та - бәрі бірдей», - деп жауап берді ол.

Әкімшінің сөзіне қарағанда, санитарлық эпидемиологиялық қызмет мамандары әлі тексеріс өткізген жоқ. «Олар алдағы дүйсенбі күні келеді. Бүгін де келіп қалуы әбден мүмкін. Олар кез келген уақытта келуі мүмкін», -дейді А.Әкімбекова.

Айта кетейік, қазанның 8-9 аралығында Астанада төрт адамнан тұратын бір отбасының мүшелері, сондай-ақ күзет қызметінде істейтін екі ер адам ыстық тамақ жеп, уланып қалды.

«Міне, екі аптадан бері отбасым түгел ауруханада жатырмыз. Жұқпалы аурухана болған соң, бізді сыртқа шығармайды, ешкімді ішке кіргізбейді. Сондықтан зардап шеккеніміз туралы арызды алдағы дүйсенбі, ауруханадан шыққан соң жазамыз», - дейді Астана қаласының тұрғыны Қазбек Ибраев.

Ауруханаға түскен барлық адамдардан сальмонеллез анықталды.

Соңғы жаңалықтар